Маңғыстаудың марқасқа ұлы, былғары қолғап шебері, Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Әділбек пен оның бапкері Марат Жакиевты, Рио Олимпиадасының қатысушысы Берік Әбдірахмановты жерлестері Ақтау халықаралық әуежайынан зор қошеметпен қарсы алды. Былғары қолғап шеберінің жанкүйерлері «Әділбек-чемпион!», «Әділбек-қазақтың батыр ұлы», «Біз сенімен мақтанамыз!» деп ұрандатса, ақ жаулықты аналар шашу шашып, ақжарма тілектерін ағытты. Жеңімпазды қарсы алушылардың қатарында облыс әкімінің орынбасары Бану Нұрғазиева, Маңғыстау облыстық мәслихатының хатшысы Бекмұрат Жүсіпов, қос боксшының ата-анасы, туысқандары мен достары да бар.
Ұшақтан түскен бетте жерлестерінің қошеметіне бөленген спортшылар ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын айтты.
- Мені қолдаған халқыма, түн ұйқыларын бөліп, жанкүйер болған жерлестеріме алғысым шексіз. Сіздердің қолдауларыңызды сонау Рио төрінде тұрып сезіндім. Финалға шығып, алтыннан алқа тағу үшін барымды салдым. Іштей өкініш бар, әрине...Бұл жолы да бұйырғаны күміс медаль болды. Жеңіске жеткенім бапкерімнің арқасы деп білемін. Сіздердің қошеметтеріңізге, ыстық-ықыластарыңызға рахмет айтамын. Барлық жеңіс Сіздер үшін! - деді Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов.
Венера МИРЛАН Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="8858,8854,8857,8855,8856"]