©
Салауатты өмір салтын қалыптастыру, халық арасында спортты насихаттау мақсатында Туризм күніне орай Ақтауда спорт фестивалі өтті. Фестивальге Қазақстанның қалалары, Ресей мен Азия елдерінен келген бірінен-бірі мықты 64 спортшы қатысты.
Фестиваль аясында жағажай бодибилдингінен бойы 178 см дейінгі және 178 см жоғары ерлер арасында Men`s Physique сайысы өтті.
Штанганы жатып көтеруден Маңғыстау облысының турнирінде Алматы, Атырау, Орал, Жаңаөзен, Ресейдің Санкт-Петербург және Астрахань қаласынан 47 спортшы қатысты. Олардың арасында мүмкіндігі шектеулі спортшылар да бар.
Аса ірі салмақта 1 орынды мұнайлылық Шыңғыс Елжанов, 85 кг дейінгі салмақта Қуат Сарбалаев (Ақтау), 85 келіге дейін А. Писаревский (Алматы) жеңіп алды. Ал, ақтаулық Қуат Салбалаев штанганы жатып көтеруден абсолюттік чемпион атанды.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасында аса ауыр салмақта Ертарлан Мамедниязов (Ақтау), әйелдер арасында ақтаулық Бақыт Құдайбергенова мен Людмила Васюткина 1 және 2 орындарды иеленді.
Күштік экстрим бойынша (STRONGMAN) Қазақстан Республикасының 4-ші ашық чемпионатында 11 спортшы сайысты. Спортшылар жеңіске жету үшін 6 қиын кезеңнен өтуіне тура келді. Алдымен, 360 келілік дөңгелекті аударып, одан соң 80 келілік қаптарды көтеріп, 320 келілік имек ағашты алып жүріп, ауыр чемодандарды да көтерді. Осылайша бірінші орынды алматылық Алексей Писаревский жеңіп алды.
Сайысты облыс және қала әкімдігінің қолдауымен, Маңғыстау облыстық спорт және денешынықтыру басқармасы, облыстық туризм басқармасы және облыстық бодибилдинг және фитнес федерациясы, стронгмен және мас-рестлинг федерациясы бірлесе ұйымдастырды.
Облыстық бодибилдинг және фитнес федерациясының президенті А. Ждановтың айтуынша, әлемнің жүздеген елінде жылына 500-ге жуық күштік экстрим сайыстары өткізіледі. Мұндай сайыстар мықты спорттық дайындықты, төзімділік пен шыдамдылықты қажет етеді.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="40591,40592,40599,40601,40596,40602,40603,40597,40595,40594,40593"]