Орталық коммуникациялар қызметі Маңғыстау облыстық филиалы алаңында өңірлік білім басқармасы басшысы Зейнеп Тастемірованың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.
«Биылғы жылы жалпы білім беретін орта мектептерде 1-сыныпқа қабылданған оқушылар бес күндік оқу жүйесіне және жаңартылған білім беру мазмұны бағдарламасына көшеді. Бірыңғай үлгідеі мектеп формасын енгізу мәселесі көтерілгені белгілі. "ҚР "Білім туралы" заңына сәйкес мектеп әкімшілігі ата-аналармен бірге таңдаған бірыңғай оқу формасына рұқсат береді. Білім ошақтары оқушыларға форманы күштеп алғыза алмайды. Әрбір білім беру ұйымы мектеп формасын енгізу мерзімін белгілеуге құқылы»,-дейді басқарма басшысы.
Бірыңғай үлгідегі мектеп формасын ендірудегі басты мақсат – оқушылар арасында әлеуметтік, мүліктік, басқа да өзгешеліктерді жою. Талаптар министрліктің бұйрығымен бекітілген. Аталған құжатта мектеп формасының классикалық үлгіде болуы керектігі туралы айтылған. Сондай-ақ, мұнда форманың үлгісін, түр-түсін ата-аналар бекіткен қоғамдық кеңес таңдайтыны көрсетілген. Білім беру ұйымдары отандық киім өндірушілерді таңдауға ұсыныс айтқанымен, оқушыларды нақты өндірушілерден алуға міндеттемеуі тиіс.
«Мектепке жол» жалпы республикалық қайырымдылық акциясы қазан айының орта тұсына дейін жалғасын табады. Акцияның басты мақсаты – аз қамтылған және көп балалы отбасылар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде және әлеуметтік себептермен мектептен қалып қоятын балаларға көмек көрсету. Қалталы қайырымды азаматтар мен меценаттар аталмыш акцияға ат салысып, қолдау танытуда. Биыл акция аясында атқарылып жатқан жақсы істер ел-халыққа жария етіліп жатқан жоқ. Көмекке мұқтаж жандар мен қайырымды азаматтардың қалауы осы. Дегенмен толымды істер жүргізіліп жатқандығы рас»,-дейді З.Тастемірова.
Жаңа оқу жылында өңір бойынша екі жаңа оқу ордасы іске қосылады. Түпқараған ауданы Форт-Шевченко қаласында 120 орындық жатақханасымен 550 орындық мектеп-интернат және Бейнеу ауданы Бейнеу селосында 900 орындық оқу ошағы өз есігін айқара ашпақ.
Голрох Жеменей Суретті түсірген: С.Майемеров