Адай жылқысы - Маңғыстаудағы ғажайып құндылық. Ал бұл өңірдегі түп-төркіні миф, аңыз, ертегіге ұқсас «қанатты қара айғырдың үйірі», үстінен «тоқтамай су тамшылап тұратын суындар» жөніндегі бастау бұлағы тым әрідегі әңгімелер де Қазақстанның өзге жерінде көп айтылмайды, тек Маңғыстауда ғана сақталған. Өкініштісі-өзге ұлттың өкілдерін таңқалдырып, тамырын әріден тартқан өлкеміздегі тұлпарлар туралы айтылатын ауыз әдебиетіне қатысты мың құбылып жеткен әңгімелер жинаусыз жатыр. Қожаназар, Саназар жылқыларын айтпағанның өзінде, дала төсінде өлке топономикасына негіз болған «Құланды», «Тұлпарбасы», «Құла ат», «Құла ат өлген», «Әбілтөрткіл, түлкілі Бөкенбай», «Түрікмен сүйек» аңыздарында құбылып, ширығып айтылатын дүлдүл тұлпарлар ше? Өлкедегі дау-жанжалдың жер дауы, жесір дауынан кейінгісі осы тұлпарларға қатысты әңгімелер. Оған біз аңыз деп қарамауымыз керек. Өлкеде жылқы малының ерекше бабын тауып, елге өзін де, тұлпарын да танымал еткен атақты атбегі, сейіс, сыншылар да болған. Біз бұл мақаламызда солардың бірді-екілісін әңгімелемекпіз. Олардың республикада, қала берді облыс, аудан тарихында есімі үлкен құрметпен аталады. Өңірде ертеректегі «Орпа» колхозының шаруашылығы айтулы. Ал Маңғыстау ауданына қарасты Таушық жеріндегі Гурьев Мемлекеттік асыл тұқымды Адай жылқысын өсіретін – (Госплем рассадник по разведению Адаевских лошадей) мекемесінің орны бөлек. Неге алабөтен Маңғыстаудан ашылды бұл мекеме?! Ұлы Отан соғысының нағыз қызған шағы. Жау әскері Еділге келді, Кавказға аяқ салды. Жан мұрын ұшына келді. Бұл техника соғысы дегенмен, көп ауыртпалық әлі жылқыға түсіп тұрған. Атты әскер әлі сапта. Зеңбіректің, арбаның жегін көліктері әрине -ат. Соғыс болған соң, шығын жылқыда да көп. Сондай қиын кезде Маңғыстаудан майданға ат алынды. Отарлардан іріктеліп шығарылғаны- бас білетін аттар. Адай жылқылары. Майдан шебіне аяқтай айдап апарылды. 1941 жылы Кавказдағы соғыс жүріп жатқан қанды майданға әскери тапсырмамен келген Кеңес Одағының Маршалы С.М. Буденный жұмысқа жарамды ыстық-суықты талғамайтын, тегіс жер мен тау-тасқа бірдей, мінсе-мініске, жегіп айдаса, арбаға жарамды аттарды көріп таңқалған. Сыртынан осындай жылқыларды бақылап тұрған Ворошилов пен Буденный бұл жылқылардың тегін сұрап, Адай жылқысы екендігін анықтап білгеннен кейін, осы жылқылардың тұқымын өсіруге шұғыл тапсырма-ұсыныс берген. Басында майданға Маңғыстаудан 140 жылқы алынған делінеді шолақ деректе. Ежелгі тарихқа үңілсек, Адай жылқысы алысқа жүрдектігімен, төзімділігімен, көп күтім қажет етпей-ақ, аяқтай жайылып жүре беретіндігімен өзіне ертеден –ақ назар аудартқан. Сондығынан болар, үйірін де бермейді. Жайық казактарының әскери аттары адайлық жылқылар болыпты. Ал 1875-1880 жылғы Ахал-Теке жорығында гребеньдік казактар кабардалық арғымақтарын Адай аттарына ауыстырып мінген. Қолбасшы генерал Ломакиннің өзі бүкіл жорық бойына Адай жорғасын мініп жүрген. Майдан шебіне барған Адай жылқыларын атты әскердегі кәнігі атбегі командирлер бірден бағалайды. Маршал Буденныйдың өзі әбден қарап мақтағанда, бұл тұқымды сақтап өсіруді қолға алған. Сол бойда аталған мекеме құрылды. Бағалауды, тануды қарасайшы! Мекеме 1943 жылдың маусымында жоғарыдан арнайы бұйрықпен ұйымдастырылып, штатты айлықпен жұмыскерлер тартылған. Мекеме тікелей Мәскеуге бағынған. Оның көп артықшылықтары болды. Орталық комитеттің қаулысы бойынша жұмыстар жүргізілді. Ашылған мекеме одақтық бюджеттен қаржыландырылды.
Ауман Байдолұлы
Атпал азамат Ауман Байдолұлы 1951 жылдың сәуір айынан ҚазССР Ауыл шаруашылығы министрлігінің жолдамасымен институттан шыға сала, осы мекемеге директор болып келеді (А. Байдолов кім? Оған жеке мақаламызда кейіндеу тоқталатынымызды оқырман қаперіне береміз). Байдолов оқыған кезінен ғылымға үйірсек жан еді. Ғалым ұстаздары оны Алматы мал дәрігерлік институтының студенті кезінде-ақ талантын байқап, ірі зерттеулерге қатыстырған болатын. Бұл қызметінде 1953 жылдың желтоқсанына дейін жасайды. Партиялық құжатында оның сенімді өкілі Сенбайдың сөзінше, ол -шаруашылықтың ең негізгі көтерілуге тиіс жеріне жіберілген іскер басшы. Штатты айлықпен жұмыскерлер тартылып, оған алдын ала бұйрық шығарылған. Сол мекемеге тартылғандардың дені қызылтаңдықтардан. Нақты тоқталсақ, олар: табаны таймай, ұзақ жыл «Қызылтаң» колхозын басқарған Уәзіров Шабайдың інісі Қожабай-есепші, Шабай зайыбы Қанбөпе-үй сыпырушы, еден жуатын тазалықшы, Ермағанбетов Кенжеш-госстрах, Айдарбаев Қалышбек-инспектор, Тілеулиев Манаш-асау аттарды жуасытып, бас білдіретін арнайы қызметтерді атқарған. Әрбір колхоздың өзінің уақытында ат жуасытатын белгіленген адамдары болғандығын мұрағат деректері растайды. "Осы мекемеге алғаш отарлардан арнайы жылқы іріктеу, таңдау жұмыстарына жылқы малының жайын, тұрқын, тегін танитын, таңдағаны текке кетпейтін бұрынғы «Қызылтаң» колхозының жылқы ферма меңгерушілері: Өмірбеков Еңсеп пен белгілі атбегі - сейіс Өтегенов Ақмұхан тартылған. Мекеменің жұмыс аттарын бөлек қамайтын ауласы да болды, ол алдында прокуратурадан босап қалған мекеменің кеңсесі (конторы) еді, жылма-жыл көрме ұйымдастырылды. Жылқы мен түйені көрмеге қоюға әрбір колхоз өздері алып келетін, көрмесі, шын мәнінде, көрме болды! «Қызылтаңнан» да көрмеге бірнеше жылқылар мен түйелер әкелінді, түйенің небір асыл түрлері болды,-деп жазылған марқұм Сенбай Дүйсенбайұлының қолжазбасында. Мекемеге басшы болып келген Ауман Байдолов 1952 жылы аяқтай барып, Буденныймен кездескен. Сол кездесудің ел аузында сақталған бір естелігі: Аукең Таушыққа өте көңілді келеді. Астында су жаңа полуторка машина-Маршал Буденныйдың шаруашылыққа берген сыйы. Сосын қолында үлкен бір чемодан. Үйіне жиналған ауыл адамдарының көзінше аузын ашады. Іші толған қаттаулы ақша! Жұрт үрке қарап қалған. Өйтетіні мұндай көп ақшаны бірінші рет көріп отыр. Мұны да мұртты маршал берді. - Қажеттеріңе жаратыңдар. Тапшылық көрмеңдер. Есесі жақсы атпен қайтатын болсын бірақ. Отан сендерден жүйрік тұлпарлар күтеді. Бұл-әрі өтініш, әрі бұйрық!-дейді Буденный. Сол машина мен ақшаның арқасында ұжым тез арада ұйымдаса кетеді. Өкінішке орай, Ауман ағаның маршал Буденныймен кездесуі қағазға толық түспей қалған. Бізге жетіп отырғаны жұрнағы ғана. Мекеме көптеген іргелі істерді тындырды... 1952 жылы Үстірттегі Уәліде КазССР ауылшаруашылығынан Адай жылқысының төзімділігін, қайрат-күшін тексеру мақсатында сынақ ұйымдастырылды. Сынақ ұзақтығы 300 шақырым болып белгіленген. «Сараланған бірінен кейін бірі өткізілген 9 сынақта 76 жылқы сынақтан өткізіледі. Аттар Ешкіқырғаннан жіберілді. Бұл іс жоғарыдан жоспарланғанымен, іске ұйтқы болған бірден-бір адам-Ауман Байдолов. Қазір мұндай қашықтыққа сынақтар ұйымдастырылмайды. 80, 100 шақырымды місе тұтады. Алдын ала 300 шақырымға шыдайтын отарлардағы жылқылар арасынан ат таңдалып, сұрыпталды. Сол кезде жүйріктігі бүкіл Адайға белгілі Жауын Сарықасқа ат болған. Алдында ел көшкенде ат ойға құлап кетіп, оны Ауман машинамен арнайы алдыртты. Айтқандай, осы тәуліктік сынақта Жауын Сары қасқа 1 - ші, 2-ші Абыланның торы қасқа аты, 3-ші болып құйрық тістесе, Ондының Қоңыр аты келді. Мизам аты қиқу шыққанда екі құлағын тіпті тікірейтіп, ерекше күйге еніп, құлшыныс танытады. Ұзақ щабысқа белі, аяғы шыдамай, ат үстінен ауысып, мінгендері болды, бірақ Мизам сыр берген жоқ. Ол аттар 24 сағатқа – бір тәуліктегі шабыста сыналды. Маңғыстау ауданынан келген аттарға жауап беретін - Ауман Байдолов та, ал Шевченкоға жауапты Кірбасов Балыбай болып белгіленді. Екеуі Уәлінің екі бетіне орналасты. Маңғыстау ауданынан келген аттар Уәлінің құбыла бетінде. Ешкіқырған мен Уәлінің арасы - Қатшада аттың да, үстіндегі адамның да денсаулығын қарайтын комиссия тұрды. Аттар Уәліге келіп, екінші қайтарымға айналып шабады. Жылқылар өз айғыр үйірімен және түстеріне қарай бөлінді: жирені бір бөлек, құласы бір бөлек, қасқасы бір бөлек болып топталды. Мекеме алдын-ала сұрыпталған жылқыларды түстеріне қарай бөліп, бір өңкей үйір жасаған, ол отарларды отгонде жағдайын жасап бағу үшін, жылқышыларды 1 жыл бұрын Үстіртке шығарған еді. Оларға жайлы өріс, қоныс таңдалды. Қасына жергілікті мал мамандары мен шаруашылық басшыларының кейбірін ертіп жүріп, Ауман отгонге өзі шықты. Дегенмен отгонның аты - отгон ғой, шырағым! Сынақта «Атан жарыс», «Қыз қуу» ұйымдастырылды. Бұл Нұров Сабытайдың зоотехник болып қызмет жасап жүрген кезі еді. Кейін колхоз председателі болды. Оған Байдолов Ауман Шопан Құдасбайға көмекші шопан болып жүрген Тәрбие есімді қызды қыз қууға шығарады, қыз шауып, жігіттен озып келді. Солай Адай жылқысын асылдандыру іргелі жұмыстарына колхоз мүшелері де бір кісідей атсалысты»,-деп жазылған Сенбай жазбасында. Әкем 1952 жылы сол Уәлідегі сынақ кезінде бәйге бала аттан құлап, айдалада олақтау ота да жасалғанын суретке қарап отырып есіне алушы еді. Бұл да-бір өлке тарихы. Бұған дәрігердің дәрігері ғана тәуекел жасайды. Бұл ел ота деген ұғымды сынықты салу деп біледі. Ел аузында атақты сынықшылардың шеберлік қасиеті - неше түрлі ғажап аңыз. Сол Мизам Сүйіндікұлы 1942 жылы еңбек жолын 12 жасында бастаған. 1946 жылы әкесі соғыстан оралған соң жылқы бақты. Ақшұқыр, Тельман, Таушық аралығындағы жайлауы Шат деген жерде қоныстанған. 1947 жылы жылқышы Мизам мен Тәрбия қыз шаңырақ құрған.Сүйіндік пен Тәрбия, ұлы Мизам
Мал шаруашылығының қиындығы мен қызығын бірге атқарып, балаларын өмірге әкеліп, оқытып, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырды. 1953 жылы Үстіртке көшіп, Жаңасу Аққұдық өңірінде жылқы баққан. Сонда отарда 5-6 айғырдың үйірі болған. Жылқышы әкелі-балалы Сүйекең пен Мизам, ала қырда бірнеше жүздеген жылқыны, терең щыңыраудан ертеңнен кешке дейін, 5 жасар қызы Нұржамалды шығырға мінгізіп, көмекші қылып, жастайынан шаруаға араластырды. Сол кездегі баланың барлық қызығы да, ойыны да ата-анасына қол ұшын беріп, пайдасы тисе, мақтаныш ететін. 1955 жылы Жаңасуда, ұлы Жаңабай өмірге келді. Сол жылы колхоз қосымшаға 17 бас жылқы беріп, атасы Сүйіндік, құтты болсын айтып келген адамдарға қуанғаннан бар жылқысын таратып, «несібесін алып келген балам» - деп, мақтанышпен айтып отыратын. Мизам Сүйіндікұлының еңбегі елеусіз қалған жоқ, бірнеше мемлекеттік марапаттауларға ие болды. 1975 жылы «Құрмет Белгісі» орденімен, әртүрлі мақтау грамоталарымен марапатталды. 1974 жылы Уәлідегі малшылар тойында ұзақ жылғы елеулі еңбегін бағалап, Москвич авто-көлігін сыйға берді. Қосағы соғыс кезінде тылда еңбек етті. Ағалары Ыбадат пен Тағат соғысқа кеткенде талдырмаш қыз, артында қалған анасы мен сіңлілерін асырап, ешкімнен кем қылмай, ағасы Тағат соғыстан оралғанша еңбек етті. 1981 жылға дейін шаруашылықпен айналысып, денаулығына байланысты, совхоз орталығы Ақшұқырға көшіп келіп, бала- келін, немерелерімен бірге шат-шадыман өмір сүрді. Олар ұрпақтарына үлгі, өнеге! Тәрбия 1996 жылы өмірден озды. Ұшқыр ойлы, қатарына сыйлы, сөзді көп ысырап қылмайтын әйгілі атбегі 2000 жылы 70 жасында өмірден озды. Ғылым мен тәжірибені сирек болса да, сол кезде ұштастырған мекеме 13 жылдай қызмет жасап, ісін тоқтатқанымен, артында ата-бабадан қалған мұраны шебер жалғастырған ізбасарларды жарқырата таныта білді.Жанбибі ДҮЙСЕНБАЕВА
Филология ғылымдарының докторы