Маңғолияда өткен джиу-джитсудан IV Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы екінші орын алып, алдыңғы қатардан көрінді. Құрамадағы жеңімпаз спортшыларды Маңғыстаулықтар Ақтау халықаралық әуежайынан күтіп алды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Жүлдегерлерді қарсы алуға джиу-джитсу федерациясының Маңғыстау облысы бойынша вице-президенті Ерғали Сисенғалиұлы да келді. 14-22 шілде аралығында Маңғолия астанасы Ұлан-Батырда өткен джиу-джитсудан Азия чемпионатында Қазақстан құрамасындағы Маңғыстаулық бес спортшы ел намысын қорғады. 62 кг салмақта файтинг жүйесімен додаға түскен Әбу-Бәкір Жәнібек Азия чемпионы атанды. Спортшы джиу-джитсудан Азияның екі дүркін чемпионы. - Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Жарыс барысында 5 кездесу өткіздім. Бұрын кездескен қарсыластарым да болды. Олардың барлығы жақсы дайындықпен келген. Дегенмен, 5-0 ұпаймен жеңіске жеттім, - дейді IV Азия чемпионатының жеңімпазы Әбу-Бәкір Жәнібек. https://www.youtube.com/watch?v=tfAT1tZ_xvU 56 кг салмақта неваза жүйесі бойынша күресіп, ел қоржынына қола жүлдені Қуандық Қонысов салды. Ол Әмин Тұяқовтан кейінгі Маңғыстау ауданынан шыққан халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Қуандық қазіргі уақытта Маңғыстау ауданының спорт мектебінде жасөспірімдер бапкері. 21 жастағы спортшы халықаралық ірі турнирлердің жеңімпазы. Сондай-ақ, әлемнің күміс жүлдегері. Оны осы спортқа әкеліп, бәйгеге қосқан алғашқы бапкері Ербөлек Құдайберген. Қазіргі уақытта бұл джитсерді Болат Дюсембиев жаттықтырып, белестерден көрсетіп жүр. [gallery td_select_gallery_slide="slide" td_gallery_title_input="Суреттерді МО джиу-джитсу федерациясы ұсынды" ids="83264,83266,83262,83263,83265"] Ал, Әлия Тлепова файтинг жүйесі бойынша 62 кг салмақта күрескен. Әлия Азия бойынша төртінші додасын өткізіп келді. Батыр да, қайсар қыз бұдан бұрын Азия біріншіліктерінде 2 алтын, 1 күміс медаль алған. - Мен бұл чемпионатта 3 кездесу өткіздім. Тайланд елінің спортшылары жақсы дайындықпен келген екен. Осы біріншілікке бір айы бойы дайындалып, жеңіске жетем деген ниетпен бардым. Чемпион болуға жетелеген бапкерім Болат Дюсембиевке алғысымды айтамын, - дейді қыздар арасында бірінші атанған Әлия Тлепова. [gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="83258,83260"] Болат Дюсембиев - арманына қанат байлап, талаптарын шыңдаған спортшылардың бапкері . Маңғыстаудың ғана емес, Қазақстанның мақтанышына айналып үлгерген джитсерлер Ақтаудағы "Өрлеу" спорт мектебінде жаттығады. - Азия чемпионатының деңгейі жыл сайын жоғарылап келеді. Осы жарыстан Əлия Тлепова мен Əбу-Бəкір Жəнібек І орын алды. Мөлдір Мекенбаева ІІ орын, Қуандық Қонысов пен Дархан Нортаев ІІІ орынға ие болды, - дейді чемпиондарды дайындаған бапкер. Ал, Алмас Еснияз Маңғыстаудан Азия чемпионатына жасөспірімдер арасында бой көрсеткендерден алға шығып тұр. Қазақстанда жасөспірімдерден үздік деп танылған Алмас Маңғолияда халықаралық дәрежеде алғаш рет күресті. Ол бұл біріншіліктен медаль алмаса да, бапкерлерінің мақтанышы бола білді. Джитсер 3-орын үшін күресуге дейін жеткен. Ол осы спортпен төр жыл бойы шұғылданып келеді. Оның бапкері Алмастың тоқтаусыз еңбегі мен талабының арқасында талай халықаралық жарыста жүлдегер атанатынына сенімді. Қазақстандық құрама бәйгеде 7 алтын, 4 күміс және 5 қола медальмен үздік үштікке енген. Биыл бұл чемпионатқа 20 елден 500-ден аса спортшы қатысқан. Қазылар алқасының құрамында 13 мемлекеттен 20 төреші болған.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="83254,83255,83256,83257"]