Бүгін жұмыс сапарымен Маңғыстауға «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Жұмағұлов Айбатыр Нышанбайұлы келді. Қор басшысы медициналық сақтандыру қорының жергілікті филиалы ұйымдастырған семинарға қатысты. Облыстық «Ана мен бала» перинаталдық орталығында өткен семинарға өлкеміздегі ірі медициналық орталықтардың өкілдері қатысып, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетіне енген қызметтер туралы кең көлемді ақпарат алды. Өз кезегінде Жұмағұлов Айбатыр Нышанбайұлы 2020 жылдан бастап денсаулық саласына енетін өзгерістерге тоқталды. - Маусым айынан бастап, ақ халаттылардың жалақысы көтерілді. Дегенмен, әлі де болса, денсаулық саласында қаржы жетіспеушілік байқалады. Медициналық қызметтердің тарифтерінің төмендігі туралы мәселе барлық облыста көтеріліп келеді. Сол мәселенің бір шешімі ретінде таяуда көпшілік медициналық қызметтердің тарифтерін біршама көтердік. Біз біртіндеп бұл олқылықтың орнын толтыруға жұмыстанып жатырмыз. Келесі жылы медицинада 2 пакет бойынша қызмет көрсетіледі. Сақтандырылған азаматтар өз қаражатын үнемдеп, қымбат медициналық қызмет түрлерін тегін алатын болады, - деді ол. - Біз халыққа тегін қызмет көрсететін емдеу мекемелеріне атқарған жұмысы үшін төленетін тариф бағасын өсіріп отырмыз. Бұл медициналық қызмет сапасын көтеріп, қолжетімділігін арттыру мақсатында жасалып отырған қадамдардың бірі, - деп атап өтті Медициналық сақтандыру қорының Маңғыстау филиалы басшысы Бақыт Исмаханбетов. Естеріңізге сала кетсек, ҚР Үкіметі жуырда 2020 жылдан бастап міндетті медициналық сақтандыру және тегін медициналық көмек пакеті шеңберінде көрсетілетін медициналық қызметтер тізбесін бекіткен болатын. Медициналық сақтандыру пакетінің ауқымы тегін көрсетілетін көмектен де кең. Оған консультативтік-диагностикалық көмек, соның ішінде бағасы қымбат болып келетін зертханалық қызмет түрлері, тегін көмек көрсетілмейтін сырқаттарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, оларға жоспарлы стационарлық және стацинарды алмастыратын көмек көрсету, медициналық оңалту және пациент денсаулығын қалпына келтіруге бағытталған ем-дом түрлері кіреді.