28 маусым БАҚ өкілдері мерекесіне орай "Маңғыстау" газетінің бас редакторы Ғалым Әріп ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің "Ақпарат саласының үздігі" төсбелгісімен марапатталды. Ғалым Бисембіұлы еңбек демалысында болғандықтан мереке қарсаңындағы салтанатты шараға қатыса алмаған еді. Бүгін "Маңғыстау-Медиа" директоры Айсұлу Дутбаева ұжым ортасында баспасөз қызметіне еңбегі сіңген Ғалым Әріпке төсбелгісін табыстады. "Маңғыстау-Медиа" ЖШС ұжымы Ғалым Әріпті ізгі ниетпен құттықтайды. Ғалым Әріп 1976 жылдан бері "Маңғыстау" (1973 жылы "Коммунистік жол" болып ашылған) газетінде қызмет етіп келеді. Ол осы жылдар аралығында корректор, әдеби қызметкер, қатардағы тілші, жауапты хатшының орынбасары, мәдениет бөлімінің меңгерушісі және бас редактордың орынбасары, бас редактор қызметтерін атқарды. Оның шығармалары біршама республикалық басылымдарда жарық көрген. Ақтау қаласының атауы қалпына келуі, қалада қазақ мектептері мен балабақшалары, өнер мектебі мен колледжінің, жабылып қалған қазақ тіліндегі газеттің қайта ашылуына бастамашылардың бірі болды. Ол Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған республикалық конкурстың жүлдегері, облыс әкімі мен облыстық мәслихаттың Құрмет грамотасымен, ҚР Тәуелсіздігінің 10 жылдығы және 25 жылдығы құрметіне мерекелік медальдармен, Түркияның ғылыми жәнеи әдеби шығармалар иелері кәсіби ассоциациясының Алғыс хатымен және ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі.
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН