Экраннан өте ауыр кадрлар өтіп жатыр. Қолына Түркияның ай мен жұлдыз бейнеленген алқызыл туын көтеріп, танкінің алдынан тоқтатпақ ниетпен шыққан жігіт... Оны да, басқаларды да жермен жексен етіп, өтіп бара жатқан танкілер... Мотоциклімен жолда жүрген жас жігітті атып түсірді... Түнгі тәтті ұйқы құшағына енген халықты беймезгіл оятып, көшеге шығуға мәжбүр еткен қарулы бүлікті көзімен көріп, шырайлы жүзінің қаны жоғалып, өңі қуарып кеткен президент Реджеп Тайып Ердоған... Президенттің бейбіт халыққа сабыр сақтап, елді бүлікшілерге бермейтіні туралы үндеуінен қуат алған жұрт есін тез жиып, бүлікшілерге ерлікпен қарсылық көрсетті. Әп-сәтте Анкара, Стамбул көшелері жазықсыз жандардың қанына боялды. Балалар мен аналар да қанға бөкті... Түрік түрікті қырып жатыр. Күндіз бір дастархан басында жайраңдасып отырған жандар бір-ақ түнде біріне-бірі жау болды. Сатқындар айламен айдап салушылардың айтқанына ылығып, өз халқына қарумен ұмтылды... Көріністері жан түршіктрген деректі фильмнің соңғы жағында олар қос қолдарын жоғары көтеріп, өз еріктерімен беріліп жатты... Мемлекетін, халқының тұтастығын сақтап қалу жолында жан беруден аянбаған ер түріктер ұрпағы жеңіске жетті. Тарихтан белгілі ерлік пен бірліктің тамаша үлгісін тағы бір көрсетіп, айдай әлемге паш етті. Бұл 15 шілденің түні еді. Содан бері үш жыл өтіпті. Террорлық әрекет басталып, сонда кездескен түк жазығы жоқ талай адам аяусыз жаншылған Босфор көпірі сол бойда Азапталғандар көпірі деп өзгертілді. Ал 15 шілде Демократия және Ұлттық бірлік күні деп аталды. Түркия Республикасының Ақтау қаласындағы Бас консулы Корхан Кюнгерю лаңкестердің төңкеріс әрекетіне үш жыл өтуіне орай брифинг өткізді. -ФЕТО көшбасылары тарыпынан жоспарланып, ұйым тарапынан әскери күштердің ішіне еніп, олардың жақтастары жағынан қарулы күштерімен сүйемелденіп, 15 шілде күнгі жасалған мемлекеттік төңкеріс әрекеті Түркияның ең қанды лаңкестік шабуылы болып табылады,-деді ол.-Мұндай жауыз әрі сатқандық лаңкестік шабуыл ел тарихында болмаған. Ұлттық мәжіліс, Президент ғимараты, Ұлттық барлау ұйымы, Гөлбашы ауданындағы арнайы әрекет орталығы, ішкі істер ғимараттары бомбаланған болатын. Халықтың үстіне танктер тырмасып, әуеден бомбалар лақтырылды. Анкараның Гөлбашы ауданындағы арнайы әрекет орталығына әскери ұшақтардан бомбалар тасталып, нәтижеде 51 полиция қызметкері шейіт болып, олардың денелері де табылмай кетті. Осы түні 251 азаматымыз шейіт болып, екі мыңнан астам азаматтарымыз жараланған еді. Төңкеріс әрекеті кезінде әлемге үлгі болатындай тұрақтылық пен қаһармандық қасиетімен қарсы шыға білген халқымыз, құрметті Президентіміз бен Үкіметіміз, әлеуетті құрылымдарымыз, Түркияның қарулы күштерінің көпшілігі отанына, атазаң құрылымына бағынышты екендігін көрсете отырып, Түркияның Ұлы Ұлттық Мәжілісінің ынтымағы, ұлттық біргілі мен рухтық бірлесуімен әрекет етіп, төңкеріс әрекетін сәтсіз қалдырған болатын. 15 шілде—Түркия демократиясы мен мемлекеті үшін өте ауыр сынақ болған еді. Бұл сынақтан сүрінбей өткен ерлігімізді мақтан етеміз. Сатқындық төңкеріс әрекетінде, демократия мен ұлттық егемендікті сақтап қалу жолында шейіт болған барлық азаматтарымызға басымызды ие отырып, құрметпен еске аламыз. Төңкеріс әрекетіне қарсы шығып, жандарын пида етіп, төтеп берген әскерлеріміз бен барлық әлеуетті құрылымдарымызға алғысымызды айта отырып, шейіт болғандарға Алладан жатқан жерлері жайлы болуын тілейміз. Бас консулдың айтуынша, осы үш жыл ішінде мемлекет ел ішіндегі және шет елдегі ФЕТО лаңкестік ұйымымен күресіп келеді. Ең алдымен 15 шілдеде жауаптылардың құқықтың үстем болу қағидасы аясында, сот әділдігінің алдында жауап берулері қамтамасыз етілген болатын. ФЕТО-ның мемлекеттік ұйымдардың ішіндегі шифрланулары ашылып, мүшелердің үстінен әкімшілік әрі қылмыстық істер көтеріліп, қамауға алынып, «параллельдік мемлекет» ұйымының сағы сынды. -ФЕТО-ның шын бейнесін түсіндіруге бағытталған Түркия Республикасының шетелдердегі өкілдіктердің тарапынан үш жылдан бері жасалған үлкен ақпараттандыру жұмыстары өзінің нәтижелерін беріп отыр,-деді Корхан Кюнгерю.-ФЕТО-ның жасаған жұмыстары білім және қайырымдылық жұмыстарымен айналысатын қоғамдық ұйым еместігі, саяси және экономикалық тұрғыдан енулері, қараңғылық пен сұмдық ұйымы екендігін, халықаралық деңгейде түсініле басталды. Шет мемлекеттердің қоғамдары, ұйымның ниеттері туралы осылайша хабардар болып отыр. Көптеген елдерде және халықаралық ұйымдарда, ФЕТО лаңкестік ұйым болып жарияланды. Соған байланысты 2016 жылғы 19 қазанда Ислам ынтымақтастық ұйымының Сыртқы істер министрлерінің 43-жиынында ФЕТО лаңкестік ұйым болып жарияланып, Азия елдерінің парламенттері Ассамблеясының да осыған ұқсас қаулысы 2016 жылғы 1 желтоқсанда қабылданған болатын. 2017 жылғы 27 қаңтар күні Ислам ынтымақтастық ұйымының парламенттері одағының 12-ші конференциясында да құптау қабылданды. 2018 жылғы 28 желтоқсандағы Пәкістанның Жоғарғы сотының қаулысымен ФЕТО лаңкестік ұйым болып танылып отыр. Түркияның ФЕТО-мен күресіндегі Қазақстанның қолдауын терең бағалаймыз. Түрік халқы Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елімізде 2016 жылдың 15 шілдесі күнгі мемлекеттік төңкеріс жасауға ұмытылыс орын алғаннан кейін ең бірінші болып іссапармен келіп, қолдау көрсеткен еді. Нұрсұлтан Назарбаев дәл осы қадамы арқылы түрік халқының зор құрметіне ие болды. 15 шілде күні елімізде Демократия және ұлттық бірлік күні болып жарияланды. Бас консул журналистер сауалдарына жауап бергеннен кейін БАҚ өкілдерінің назарына ешқандай танкілер мен қарудың халықтың батылдығы мен ерік-жігеріне төтеп бере алмағандығын дәлелдей көрсеткен деректі фильм ұсынылды.