Маңғыстау облыстық балалар ауруханасында 9-11 шілде аралығында құлақ, мұрын, тамақ аурулары дәрігерлері бірлесіп бірнеше ота жасады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Ақтау қаласында құлаққа өте күрделі ота жасау және есту қабілетін жақсарту операцияларын жүргізу үшін астанадан арнайы маман келді. Шеберлік сағатын өткізген Нұр-Сұлтан қаласы № 2 қалалық балалар ауруханасының құлақ, мұрын, тамақ аурулары меңгерушісі әрі жоғары дәрежелі маман Арман Абилов. Дәрігерлер 4 күн ішінде 8 ота жасалған. Мамандардың айтуынша, оның ішінде екеуі ауыр операция болған. Күрделі ота орта құлақтың холестеатомасын алып тастау және тимпанопластика бойынша, қалған 6 ота есту қабілетін жақсарту үшін жасалды. Қазір балалар өздерін жақсы сезінеді. Мамандардың келіп, тәжірибе алмасып жатқаны біз үшін үлкен мәртебе. Алдағы уақытта осындай білікті дәрігерлермен бірігіп күрделі оталарды жасау ойымызда бар, - дейді МО Балалар ауруханасының құлақ, мұрын, тамақ аурулары дәрігері Қазбек Шүкіров. [gallery td_select_gallery_slide="slide" td_gallery_title_input="Дәрігерлердің ота жасау сәті" ids="82996"] Ота жасауға ауру деңгейіне қарай ауыр жағдайдағы балаларды таңдаған. Әр ота 2 сағаттай уақытқа созылыпты. Көп жағдайда бұндай оталар Алматы, Нұр-Сұлтан қаласында жасалатынын ескеру керек. Балаларға қол ұшын созып, қиындықты жеңуге мұрындық болған «Эксон мобил» компаниясы. Дәрігерлер бұл демеушіні өз қалауымен тауып, алға қойған міндетті мақсатын жүзеге асырған. Астаналық дәрігер балаларға көмегі тиген бұл жұмысты ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді. Менің ойымша, біз бұл балаларға өте жақсы көмектестік, себебі кейбіреуінің есту қабілеті төмен еді. Мұнда мамандар өте сауатты және оңай үйретіледі. Болашақта дәрігерлер осы операцияларды өздері-ақ жасай алады деген сенімдемін. Жасалған отаның барлығы сәтті аяқталды. Балалар ауруханада бір аптадай ем қабылдайды. Ал оңалту жұмыстары бірнеше ай жүргізіледі, - дейді № 2 Нұр-Сұлтан қалалық балалар ауруханасының құлақ, мұрын, тамақ аурулары бөлімінің меңгерушісі Арман Абилов. МО балалар ауруханасының директорының міндетін атқарушы Аманбек Жұмыровтың айтуынша, хирургияда лапароскопиялық әдіспен нейротравма және нейрохирургиялық операцияларды басқа қаланың мамандарымен бірлесіп жасау жоспарланған. Бұдан бөлек, Маңғыстауда хирургиялық аурулар күрделі отаны талап етеді. Ал, балалар ауруханасының қабылдау бөліміне күніне 200-дей бала келеді. Келушілер жұқпалы аурулар, педиатрия және травматология бөлімдерінің көмегіне көп жүгінеді. Жаз мезгілін ескерсек, науқастардың түн ішінде келуі жиілеген. Ал суға шомылу маусымы басталғалы ауруханаға 3 бала түскен.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ
[embed]https://youtu.be/zB_W12DiDmM[/embed]