©
Маңғыстау табиғатының тылсым көрінісіне тамсанып, теңіздің салқын лебін аңсап, киелі орындар мен тарихи-мәдени ескерткіштерді көруге асығатындар көп. Сол үшін алыс-жақын шетелден Маңғыстауға табан тіреп жатады. Мұның өзі аймақ туризмінің қарқынды дамып келе жатқанын аңғартады. Алайда өңірдегі туризмнің де ала-құла тұстары жетіп тұр. Мұны біз «Үстірт» мемлекеттік табиғи қорығы директорының орынбасары Меңдібай Ағиевтың айтқан сөзінен байқадық. Ол: "Туризмнің табысты сала екендігін сезінгеніміз шамалы. Туризм саласының дамуына жауапты құзырлы органдар әлі де «есінеп-құсынап», «ырғатылып» жүргенде, өңірде «жабайы туризм» дәстүрге айналды. Мұны тоқтату керек. Елдің иесі, жердің киесі бар екендігін туристерге ескертуіміз керек. Қонақжайлылық пен жалпақшешейліктің де шегі болу керек!" - деген еді. Бұлай ашына айтылған сөздің өз себебі де бар екен. Жақында көрші Ресейден 25-ке жуық көлік Маңғыстауға келіпті. Бар мақсаты – маңғаз мекеннің табиғатын тамашалап, «Үстірт» қорығымен танысу болатын. Алайда оларға қорық аумағына кіруге рұқсат берілмепті. Себебі аймақтағы туристік орталықтың қызметіне жүгінбей, өздері көлікпен аралағанды жөн көрсе керек. «Бір мезгілде 25 көлікпен туристер келетінін айтты. Оларға қорық аумағына кіруге рұқсат алып беру үшін қаншама адам хабарласты. Тіпті облыс әкімдігі, туризм басқармасындағылар да кезекпен телефон соқты. Ұят! Ал туристер табиғатты тамашалағаны үшін ақы төледі ме, жоқ па, білмеймін?! Маңғыстау – шөлді аймақ. Жерасты суларының өзі тереңде орналасқан. Маңғыстауда сирек болатын неше түрлі өсімдіктер қалыңдығы 1-1,5 см болатын құнарлы қабатта жайқалып өседі. Тек жаңбырлы көктемде ғана. Осы әсем табиғатты қызықтау үшін ішкі-сыртқы саяхатшылар шұбыра бастайды. Көз құмарын қандырушы қызық қуғандар көліктерімен табиғатқа қаншама зиян тигізіп жатқандарын сезбей де қалады. Өте жұқа құнарлы қабат қатар шұбырған бірнеше көліктің табанында тапталып, талқаны шығады. Одан басқа шөл аймақты мекендейтін, ұясын жерге салатын ұсақ құстардың қанша ұясы бұзылғанын, қанша жәндік пен бауырмен жорғалаушылардың қырылып жатқаны бір Құдайға ғана аян», - дейді «Үстірт» мемлекеттік табиғи қорығы директорының орынбасары Меңдібай Ағиев.
Аймақ туризмін дамытуда не жасалды?
Туризмді дамыту – шекара асып келген, кеткендердің санын есептеумен шектелмейтіні анық. Маңғыстауды туристік аймаққа айналдыру үшін бірнеше жылдан бері түрлі жобалар қолға алынған еді. Айта кетейік, осы уақытқа дейін туризмді дамыту үшін киелі орындардың цифрлы картасы әзірленді. Онда Маңғыстаудың 24 киелі жері мен тарихи-мәдени жерлерін, табиғи нысандары цифрлық картаға енгізілді. Сондай-ақ басқармадағылар «Mangystau.Info» туристік-ақпараттық сайт пен «Mtravel» мобильдік қосымшасын әзірлеудің 1-кезеңі аяқталғанын және базаны тиісті ақпаратпен толтырып жатқанын айтты. Ақтау қаласынан қонақ үйлерді іздеуге арналған booking.com модулі де туристер үшін іске қосылған. ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне Қызылқала қалашығын енгізу бойынша кешенді жұмыстар іске асырылып, Шопан ата, Бекет ата жолдары бойында сервистік- визит орталықтарын салу жоспарланған болатын. Сонымен қатар ЮНЕСКО-ға Геобақ құру туралы өтініш жолдаған екен. Туризм басқармасы геопарктың Түпқараған және Маңғыстау аудандарының аумағына тиесілі болатынын атап өткен еді. Редакция тарапынан біз де көкейдегі сауалдарды Туризм басқармасының басшысы Гүлсім Жариеваға жолдаған едік. Бірақ басқарма басшысы әзір жауап бере алмайтынын айтты. Бұл ретте Меңдібай Ағиевтың өз ұсынысы бар екен. Оның айтуынша, жауапты органдар бірлесіп туризмді ретке келтіру керек. "Мұның барлығына МО Туризм басқармасы көш бастап жүруі тиіс. Маңғыстауға беттеп бір адам шекарадан өтсе, оның қайда, қалай баратындығы жауапты басқарманың бақылауында болса", - дейді ол.Туристердің таңдауындағы «Қызылсай» кімнің қорғауында?
Хош! Ішкі туризм енді ғана өз мүмкіндігін көрсетуде. Сондықтан кемшін тұстары көзге бірден көрінеді. Дегенмен, бұл туризмнің төменгі сатыда тұрғанын аңғартпайды. Бұған жыл сайын өңірдің киелі орнын, табиғатын көруге келген саяхатшылардың көбейгені дәлел. Мәселен, 2017 жылы «Үстірт» қорығының өзіне 110 турист келсе, биыл 5 айдың ішінде 121 саяхатшы келген екен. Мұның барлығы тек ресейлік емес, арасында Франция, Германия, Финляндия, Жапонияның азаматтары бар. Сондай-ақ жазғы маусымда туристер "Қызылсай" паркінің Тұзбайыр соры, "Жабайұшқан" мемлекеттік табиғи қаумалының аумағындағы Бозжыра тауын арнайы іздеп келеді. Ерекше қорғалатын табиғи аймаққа сұраныс пен таңдаудың көп түсуі тегін емес. Себебі облыста ауданы 2,8 млн га болатын 12 ерекше қорғалатын табиғи аумақ бар. Оның 7-уі жергілікті маңызға ие ерекше қорғалатын табиғи аймақ, ал жалпы жер көлемі 1,046 млн га. Соның ішінде "Қызылсай" мемлекеттік өңірлік табиғи паркі де бар. Табиғаты ерекше, жануарға бай аумақ қазір Табиғи ресурстар, табиғат пайдалануды реттеу басқармасының қорғауында. [caption id="attachment_79703" align="alignnone" width="1024"] Фотоны түсірген Талант Құсайын[/caption] Басқарма мамандары табиғи аумаққа барар жолдың бағытын белгілеп, арнайы маршруттарды бекіткен екен. «Бүгінгі таңда жалпы ауданы 1,047 млн га болатын жергілікті маңызы бар 7 ерекше қорғалатын табиғи аумақ қатарына «Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі, «Адамтас» мемлекеттік табиғи қаумалы, «Тасорпа», «Жабайұшқан», «Көлеңкелі», «Есет» және «Манашы» мемлекеттік табиғи қаумалдары кіреді. Осы жеті аймақтағы табиғаттың тамаша жерлеріне «Туристік экскурциялық соқпағының (маршрутының) паспорттары» жасақталып, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі Комитетінің бұйрығымен бекітілді», - дейді МО Табиғи ресурстар, табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Дүйсен Құсбеков. Енді туристер белгіленген жерге Шетпе – Тасорпа, Ақсу – Темірбаба, Бейнеу – Есет, Жосалы – Бозжыра, Манашы – Өрмелі, Бейнеу – Көлеңкелі және Қызылсай – Тұзбайыр маршруттары арқылы барып, табиғатпен танысады. Басқармадағылар ЕҚТА туралы заңға сәйкес барлық көліктер тексерілетінін, аңның мекендеген жерлеріне жіберілмейтінін, тек белгіленген маршрутпен жүру талап етілгенін айтады. Сондай-ақ "Туристік экскурциялық соқпақтардың" (маршрут) арнайы тарифтері жасақталып жатыр екен. Қорытындылай келе, туризм – санға емес, сапаға қызмет етуі керек. Сондықтан табиғат берген байлықты сақтай отырып, туризмді түлету маңыздырақ.Жұлдызай ҚАЛИЕВА