Маңғыстаулық белсенді жастар жазғы лагерьде бас қосты. «Көгез» этно ауылында ұйымдастырылған лагерьге жастар ұйымдарының өкілдері, ерікті жастар, мүмкіндігі шектеулі жастар, дарынды мектеп оқушылары, жас кәсіпкерлер мен вайнерлер қатысты. Табиғат аясындағы шараға Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов қатысып, өңір жастарына қолдау көрсетті. Бейресми форматтағы кездесуде жастар өңір басшысымен еркін тақырыпта сұқбаттасып, көкейтесті сауалдарын қойды. Сонымен қатар, туризм және ауыл шаруашылық салаларындағы маңызды идеяларын тыңдап, жастар жүзеге асырған табысты жобалармен танысты. «Маңғыстау атауының мыңжылдығына арналған шаралар күні кеше облыс көлемінде бастау алды. Бұл - рухқа тағзым, ата-баба аманатын орындау, жеткіншек ұрпаққа өнеге, тарих үшін тұғырлы белес деп есептеймін! Сіздер де осы бастаманы қолдап, әрі қарай жалғастырады деп сенемін. Бәріміз бірге атсалысып, ата-бабаларымыздың алдындағы парызды абыроймен орындауымыз қажет», - деді Ералы Тоғжанов. Аймақ басшысы ерекше атап өткен тағы бір жайт - жастардың арасындағы еріктілер тобы. «Мұқтаж жандарға көмек көрсетіп, оларға қуаныш сыйлау – ең үлкен бақыт. Жақында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанайда өткен еріктілер форумында маңғыстаулық ерікті жастардың қызметін жоғары бағалап, ерекше атап өтті. Осы орайда мен де облыстық жастар ресурстық орталығы жанындағы «Еріктілер корпусына» абыройлы қызметтері үшін алғыс айтамын. Жалпы, мені қуантатыны - ерікті жастардың қатарының көбеюі. Жуырда Бейнеу ауданында 10 жыл бұрын мектеп бітірген түлектер жиналып, жағдайы төмен отбасыға үй алып берген. Бұл үлкен бастама. Рамазан айында мұндай сауапты істі жасаған жастарымыз көпке үлгі», - деді. Лагерьде ұлттық ойындар (асық ату, арқан тарту, жамбы ату, көкпар, тоғызқұмалақ, ұршық иіру, аударыспақ, теңге ілу) ойнатылып, Шерқала - Айрақты тауы, Қызыл қала тарихи жеріне жастар саяхаты және жастардың экологиялық акциясы ұйымдастырылды. Киіз үй маңына дарынды суретші Бекежан Мерейдің картиналары қойылып, «Өнер» колледжі суретшілерінің пленері ұсынылды. Жастар әр топқа бөлініп, туризм және кәсіпкерлік тақырыбында семинар тренингке қатысып, жобалармен жұмыс жасады. Кездесу соңында өңір басшысы жастармен бірге «Кешкі алауға» қатысып, ақыл-кеңесімен бөлісті. Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, шараның басты мақсаты - жастар жылының аясында мың жылдық тарихы бар Маңғыстау өлкесінің тағылымын кейінгі ұрпаққа дәріптеу, тарихи сана қалыптастыру, әрбір жасты отансүйгіштік пен жауапкершілік сезімге тәрбиелеу, төл мәдениетімізді өскелең ұрпақтың бойына сіңіру.