Зинаида Белоусова Санкт-Петербург қаласында 55 келі салмақ дәрежесінде қыздар арасындағы жекпе-жектен өткен додада жеңіске жетті. 37 мемлекеттен 200-ден аса үміткер бақ сынады. «Жас батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде өткен баспасөз мәслихатында мектептің басшысы Манарбек Бисекенов жас спортшыны Әлем чемпионатының қола жүлдесімен құттықтады. Айта кетелік, бұл чемпионатта жалпы командалық есепте Қазақстан құрамасы 3 алтын медаль иеленіп, 2-орынға шыққан. Облыс тарихында бұрын соңды болмаған жеңісті сыйлаған Зинаида жарыстың оңай болмағанын айтады. Алғашында чехиялық қарсыласын шаң қаптырса, ирандық бақталасы да Зинаидадан жеңілген. Ал өзбекстандық әріптесінен жеңіліс тапса, 4-ші ойында белорустық спортшыны жеңді. «Бұл жарыс оңай болмады. Мен оған көп дайындалдым. Өзбекстандық қарсыласыммен ойын кезінде бірнеше қателіктер жіберіп алдым. Мойындаймын. Бірақ марапаттау сәтінде атым аталғанда ерекше сезімде болдым. Бақытты сәтімді алғаш рет телефон арқылы әрдайым мені қолдап жүрген анаммен бөлістім. Осы орайда жаттықтырушым Рафик Эйвазовқа шексіз ризашылығымды білдіремін. Менің жеңісім үшін қуанып жатқан «Жас Батыр» спорт мектебі ұжымына да рахмет», - деді Зинаида Белоусова. Қазіргі уақытта Зинаида 27-маусымда жекпе-жек сайысынан Алматы қаласында өтетін іріктеу турына және тамыз айында Германияда болатын әлем чемпионатына дайындалып жатыр.