Бүгінде Маңғыстау облысындағы 7 оқу орнында білім алатын 1 364 студент жатақханаға зәру. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді. Ведомство мәліметінше, Елбасының Бес әлеуметтік бастамасы аясында аймақта 2022 жылдың соңына дейін 2 140 орындық 7 жатақхананы қолданысқа беру жоспарланған. Бұл ретте бір жоғары оқу орны үшін 170 орынға және алты колледж үшін 1 970 орынға арналған жатақхана құрылысы салынады. «Осы мәселені шешу үшін 7 жер учаскесінде объектілерді пайдалануға енгізу жоспарда бар. Қазіргі уақытта 4 нысан бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленген жоқ, ал 3-еуі бойынша ЖСҚ қажет етілмейді», – делінген министрлік мәліметінде. Жобаларды іске асыру операторы ретінде «Қаржы орталығы» АҚ белгіленген. Бекітілген механизмге сәйкес жатақхана жаңадан салынған жағдайда мемлекеттен әрбір төсек орын үшін жыл сайын – 122 АЕК, ал ғимарат қайта жөнделгенде 47 АЕК қаражат төленетін болады. Бұл төлемдердің жүргізілу кезеңі 8 жылға есептелген. «Сонымен қатар мемлекеттік тапсырысты орналастыру тетігі туралы Маңғыстау облысының кәсіпкерлік қоғамдастығына ақпарат беру мақсатында «Қаржы орталығы» АҚ «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп өңірде түсіндіру кездесуін өткізді. Іс-шараға қонақ үй кешендерінің, хостелдердің басшылары мен басқа да мүдделі кәсіпкерлер, «Білім басқармасы» мекемелері, «Каспий» ӘКК» АҚ, «Даму» қорының Маңғыстау облысы бойынша аймақтық филиалы өкілдері қатысты», – деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі. Білім және ғылым министрлігі деректеріне сүйенсек, 2019 жылдың мамыр айында Қазақстанда жатақханаларды салу жөнінде 20 шарт жасалған. Осы құжаттар бойынша 2019–2022 жылдар аралығында 6 864 төсек орнын ұсыну жоспарланып отыр. Оның 13-і Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Қарағанды, Қостанай, Тараз, Орал қалаларында жаңа нысандарды салу және 7-еуі Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау, Павлодар, Өскемен қалаларында реконструкциялау жолымен жүзеге асырылады.
Жайық НАҒЫМАШ