Нұр-Сұлтан қаласында «Kazakhstan Global Investment Roundtable» жыл сайынғы қазақстандық жаһандық инвестициялар жөніндегі дөңгелек үстел өтті (KGIR–2019). Ауқымды іс-шараға Маңғыстау облысы биыл алғаш рет қатысып отыр. KGIR–2019 – отандық кәсіпкерлер мен шетелдік инвесторлар қауымы үшін маңызды оқиғалардың бірі. Форумға 1100-ден астам ірі әлемдік және отандық компаниялардың басшылары, халықаралық сарапшылар мен мемлекеттік және халықаралық ұйымдардың өкілдері келді. Олардың қатарында 41 елден келген 600-ден астам қонақтар, сондай-ақ «Cisco», «Nokia»», «CITIC Bank Corporation», «WILO SE Group», «AGCO Corporation», «Valmont Industries», «Tyson Foods», «Yildirim Group» және тағы басқа ірі компаниялардың топ-менеджерлері бар. Халықаралық форум аясында облыс әкімі Ералы Тоғжанов 10-ға жуық шетелдік жетекші компания өкілдерімен екеуара кездесу өткізді. Олардын қатарында Жапония, Қытай, Корея, Түркия, Франция елдерінен келген инвесторлар бар. Кездесу барысында баламалы қуат көздері, қоғамдық көліктер, су тазарту саласы мен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясындағы инфрақұрылымдық жобалар жайы сөз болды. Нәтижесінде Маңғыстау облысы әкімдігі мен «Westgasoil» компаниясы (Сингапур) арасында метанол және олефиндерді өндіру бойынша жобаны жүзеге асыру ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Бұл химия өндірісі мен отандық газ-химия кешені өнімдерін экспортқа бағыттау үрдісіне жаңа серпін берері анық. Сонымен қатар ауқымды іс-шара барысында облыс әкімдігі мен «Shanghai Ace Investment group» корпорациясы арасында өзара меморандум бекітілді. Шанхайлық компанияның өкілдері «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында жүк қоймасының құрылысын бастауды көздеп отыр. Сонымен қатар Құрық пен Ляньюнган қалалары әкімдері мен порттары арасында сапалы логистикалық сервис құру және тұтынушыларға жүк тасу, тиеу, тасымалдау бойынша жоғары деңгейлі қызмет көрсету жөніндегі меморандумға қол қойылды. Қазақстандық жаһандық инвестициялар жөніндегі дөңгелек үстел қорытындысы бойынша ірі шетелдік инвесторлармен жалпы сомасы 2 млрд. АҚШ долларын құрайтын өзара іскерлік келісімдерге қол қойылды. Маңғыстау облысы әкімі Ералы Тоғжанов өңірде сан қилы бағыттағы жаңа жобаларды іске асыруға арналған іскерлік алаңдар және зор мүмкіндіктер бар екендігін мәлімдеді. Сондай-ақ пайдалы қазба байлықтарын игеру, ауыл шаруашылығы мен туризмді дамыту бағытында бірлесе жұмыс атқаруға шақырды. «Жаңа іскер әріптестер ретінде ортақ жобаларды бірлесе жүзеге асыруға ынталымыз. Өңір басшысы ретінде шетелдік инвесторларға әркез есігіміз ашық екендігін мәлімдеймін. Табыс пен сенімге негізделген серіктестікке қолдау зор»,– деді облыс әкімі Е.Тоғжанов.
Голрох ЖЕМЕНЕЙ