Маңғыстау облыстық аурухана ғимаратында өлкемізде трансплантациялау саласын нақтылап, мәйіт донорлығын қамтамасыз ету бағытын қолға алу мақсатында форум өтті. Бас қосуға әлем жұртшылығына танымал трансплантация саласы бойынша үздік ғалымдар қатарына жататын Түрік елінің тумасы, «Башкент» университетінің өкілі Седат Иылдырым да арнайы келіп қатысып, өз тәжірибесімен бөлісті. Соңғы 20-30 жыл шамасында дүниежүзі медицинасында кардиохирургия бағытымен қатар трансплантациялау ісі, яғни бір адамның дене мүшесін (жүрек, бауыр, бүйрек, т.б) келесі бір науқас адамға алмастыру арқылы өмірін сақтап қалу жұмыстары дами түсті. Ұғынықты тілмен айтсақ, мәйіт донорлығы. Әлем елдерінде денсаулық сақтау саласы көбіне осы трансплантациялау бағытының өсуімен есептеледі. – Трансплантация отасы медицина ғылымына XX ғасырдың басында енгізіліп, 1930–1940 жылдары бірнеше мәрте сынақ жүргізілді. Бастапқы кезде бірнеше ота сәтсіз аяқталғанымен уақыт өте өз жемісін берді. Ауыр науқасқа шалдыққан адамдардың өмірін сақтап қалуда трансплантация отасынан асқан әзірге амал жоқ. Адамдар келіп сұрап жатады, «трансплантация отасы діни тұрғыдан алып қарағанда оңды пікір алған ба?» деп. Мен өз зерттеуімде қай дінді алсақ та трансплантация отасы теріс іске жатпайтынын дәлелдеп шықтым. Ең бастысы – адам өмірін сақтап қалу. Соңғы жылдары Қазақстан аумағында бұл ғылымға ерекше көңіл бөлініп, зерделі дәрігерлер өте көп шығып жатыр. Осы қарқыннан таймайтын болса, бұл елде де трансплантация мен мәйіт донорлығы мәселеге айналмайтынына сенімім мол, – дейді ғалым Седат Иылдырым. 2013 жылы трансплантациялау отасы елордамызда жасала басталған. Сол кезде жүрек, бауыр, екі бүйректі алмастыру отасын хирургтар ойдағыдай орындап шыққан екен. Ал Ақтөбе облысында 2019 жылға дейінгі деректерге сүйенсек, 54 ота жасалып, оның 8-і трансплантациялау бағытындағы ота болған. Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінің статистикалық бөлімінің есебіне жүгінсек, 2017 жылы Маңғыстау облысында инсульттың әсерінен 300-ге жуық адам зардап шеккен. Егер де мәйіт донорлығы саласы өңірімізде дамитын болса бұл көрсеткіштерді айтарлықтай қысқартуға болады. Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановтың аталған салаға баса назар аударып, ғалымдар тәжірибесін аймаққа жариялаудағы мақсаты да – осы. – Қазақстан Республикасы медицина саласының ең басты бағытына жататын трансплантациялау ісінен дүниежүзілік деңгеймен өлшесек артта қалған елдер қатарына жатқызылып отырғанын ескерген жөн. Қазіргі кезеңде трансплантациялау отасы мемлекетіміздің алты облысында (Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Шымкент және Қызылорда) жүзеге асырылып көрген. Аталған істі атқару үшін де алдымен бірқатар жұмыстар ұйымдастырылады. Ота жасалатын адамның жеткізілуінен бастап дайындық кезеңіне дейінгі жұмыстарды атқару үшін құрылған орталықтар ел аумағында жеткілікті. Мәйіт донорлығы 2012 жылдан бері еліміздің батыс аймағындағы облыстар мен Қарағанды облысында тіркелмеген. Сол үшін мәйіт донорлығы бағытына адамдар көптеп тартылса екен деген ниет бар. Ол үшін өз дене мүшесін беретін адамның «қарсы емеспін» деп қолы қойылған келісімі ғана қажет. Әлем ғалымдары ота сәтті өтсе трансплантациялауға түскен екі адамның да денсаулығына айтарлықтай зиян келмейтінін дәлелдеген. Ақтөбе облысында жасалған 2016 жылғы отадан айтылған сөздің дәлелін толық аңғара алдық. Анасына қызы бауырының жарты бөлігін беріп, нәтижесінде екеуі де жақсарып, 1 аптаның ішінде үйлеріне жіберілді, – дейді еліміздің батыс облыстары бойынша трансплантация ісінің жетекші маманы Мылтықбай Рысмаханов. Трансплантация ғылымына сәйкес мәйіт донорлығы арқылы бір адамның денесінен сегіз түрлі ауруға шалдыққан сегіз адамды аман алып қалуға болатыны айтылады. Ақтөбе облысы аталған бағытта еліміз бойынша алдыңғы қатарда келе жатқан өңір саналады.Осы уақытқа дейін трансплантация отасын жасатқан жандардың ішінде маңғыстаулықтар да бар. Олар осы арқылы өз өмірін сақтап қала алған. Ауруханалар мен баспасөз беттерінде мәйіт донорлығын насихаттау арқылы көптеген адамға жақсылық жасауға болатынын дәрігерлер де растап отыр. Мәйіт донорлығына түсетін адам көп жағдайда науқасқа шалдыққан өз туыстарын құтқаруда аса қажет болады. Сол себепті де алдағы кезеңде Маңғыстау облысында трансплантация саласын қарқынды дамыту жолында маңызды шешімдер қабылданғалы отыр.
Мадияр ТӨЛЕУОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" td_gallery_title_input="Трансплантация" ids="79491,79490,79489,79486,79485,79482,79481,79479,79478"]