Бүгін Бразилияның Рио-де Жанейро қаласында дзюдодан Олимпиада ойындарының жеребесі тартылып, қазақ балуандарының алғашқы қарсыластары анықталды.
Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.
60 келідегі әлем чемпионы Елдос Сметовтың алғашқы айналымда ливиялық балуан Элкабиса Мохамед Елхадимен белдеседі. Ол Олимпиадаға құрлықтық жолдама бойынша келген.
66 келіде Жансай Смағұлов алғашқы айналымында бельгиялық балуан Яипер Лефебермен белдесетін болады.
73 келідегі Дидар Хамзаның алғашқы қарсыласы Камбиядан келген балуан Файа Нжие. Бұл спортшы да Олимпиадаға құрлықтық жолдама бойынша келген.
100 келідегі ел намысын қорғайтын Максим Раков бірінші айналымда бос. Ол екінші айналымда эстониялық балуан Григорий Минашкинмен белдесуі мүмкін.
Ал қыздар арасында өнер көрсететін 48 келідегі аруымыз Отгонцецег Галбадрах алғашқы айналымда бос. Екінші айналымда Гвинея-Бисаудан келген балуан Тасиана Лимамен белдесетін болады.
Дзюдодан ел намысын қорғайтын екінші аруымыз 63 келідегі Мариям Ордабаева бірінші айналымда қытайлық Ян Цзюньмен күш сынасады.
Рио-де Жанейро олимпиадасына дзюдодан әлемнің 136 елінен 389 спортшы өнер көрсетпек. Бұл Олимпиада тарихындағы тұңғыш рекордтық сан екен. Айталық, Лондон олимпиадасында 135 елден 387 дзюдошы өнер көрсеткен болатын.
Естеріңізге сала кетейік, қазақ дзюдошылары тамыздың 6-сы күні жарысқа шыға бастайды. Бұл күні 10.00-де (Астана уақытымен 19.00-де) әйелдер арасында 48 келіде О. Галбадрах пен ерлер арасында қазақ елі үкілеп үміт артып отырған Е. Сметов сынға түседі. Финал 15.30-да (Астана уақытымен 7 тамыз, 00.30-да).
Жарыстың екінші күні сағат 10:00-де (Астанауақытымен 19.00-де) 66 келі салмақта Ж. Смағұлов өнер көрсетеді. Финал 15:30-да (Астана уақытымен 8 тамыз, 00.30-да) басталады.