ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің қолдауымен «Қазақстан» РТРК» АҚ, «Хабар» агенттігі» АҚ Рио-де-Жанейрода өтетін XXXI жазғы Олимпиада ойындарын трансляциялаудың эксклюзивті құқығына ие болды. Олимпиада еліміздегі «Қазақстан», «Kazsport» және «Хабар» телеарналары арқылы таратылады.
Бүгін, 29-шы шілде күні ҚР Орталық коммуникациялар қызметінде XXXI жазғы Олимпиада ойындарының материалдарын аталған үш арна арқылы тарату мәселесіне байланысты баспасөз мәслихаты өтті.
Оның барысында телеарна өкілдері Dentsu, Inc құқықтарына ие компания қойып отырған шарттар мен талаптар туралы айтып берді. Әңгіме барысында Олимпиада ойындарының хабарларын барынша таза әрі кедергісіз тарату, тікелей эфир барысында тыйым салынатын жарнама-материалдар, оларды рұқсатсыз таратудың жауапкершіліктері сияқты өзге де көптеген мәселелер сөз болды.
Бұл мәселелер жөнінде «Kazsport» телеарнасының басшысы Павел Цыбулин мен «Хабар» телеарнасының директоры Ринат Кертаев жауап берді.
«Тәжірибелі журналистер мен спорт шолушылары 31 шілде күні Риоға аттанады. Олар қазақстандықтарды Олимпиаданың ең басты оқиғаларынан хабардар етіп отырады. Теларна арқылы оқиға орнынан эксклюзивті материалдар, арнайы репортаждар мен жарыстардың күнделіктері көрсетіледі. Олардың барлығын «Қазақстан» мен «Kazsport» телеарналарынан және kaztrk.kz мен kazsport.kz жаңалықтарынан, сондай-ақ kaztrk.kz/kz/Rio-2016 арнайы парақшасынан көруге болады»,-деді «Kazsport» телеарнасының директоры Павел Цыбулин.
Бұған қоса оның айтуынша, алғаш рет Олимпиададан тікелей студиялық бағдарлама жасалады. Онда еліміздің спортшыларымен, жаттықтырушыларымен, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің басшыларымен сұхбаттар ұйымдастырылады. Студия Олимпиада құрамасының ақпарат орталығы базасында орналасады. Олимпиада аяқталған соң «Kazsport» телеарнасы деректі фильм дайындайды.
«Kazsport» телеарнасы Олимпиада циклдарын ресми түрде Olympic Dream арнайы жобасының негізінде 2015 жылдың қараша айынан бастап, қазақ тілінде 10, орыс тілінде 10 хабар таратты. Жоба аясында Олимпиада-2016 ойындарында өнер көрсететін қазақстандық 104 спортшы туралы әңгіме өрбіді. «Қазақстан» мен «Kazsport» телеарнасынан қазақстандық спортшылар туралы 30 арнайы промо-роликтер көрсетіліп, спорт түрлері бойынша 200-ден астам трансляциялар таратылды.
Айта кетейік, жазғы ойындардың тарихында Олимпиада алғаш рет Оңтүстік Америкада өткелі отыр. Оған 200-ден астам мемлекеттен 10,5 мыңнан астам спортшы қатысады деп күтілуде. Олимпиадалық ойындардың ашылу рәсімі «Маракана» стадионында өтеді.
Халықаралық олимпиадалық комитеттің бағалауы бойынша, Олимпиаданың ашылу рәсімін әлем бойынша 3,6 миллиард адам тамашалайды.
kaztrk.kz