Маңғыстауда «Бекіре» жедел алдын алу іс-шарасы кезінде 10 күннің ішінде 403 келі бекіре тұқымдас балық пен 3 келі 200 грамм болатын бекіренің уылдырығы тәркіленді. Бұл туралы mangystaumedia.kz сайтына МО полиция департаменті хабарлады. "Табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері «Бекіре» жедел-алдын алу іс-шарасы кезінде жалпы салмағы 403 келі құрайтын бекіре тұқымдас балық тәркіледі. Сондай-ақ балық уылдырығының 2 дерегі анықталды. Осы 2 дерек бойынша барлығы 3 келі 200 грамм бекіре тұқымдас балықтың уылдырығы алынды", - деп мәлімдеді МО полиция департаментінің баспасөз қызметі. Аталған деректер ҚР ҚК-нің 339-бабы (сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген жануарлармен заңсыз айналысу) бойынша 7 дерек анықталып, сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Сондай-ақ ӘҚБтК-нің 383-бабы (балық аулау және балық ресурстары мен басқа да су жануарларын қорғау қағидаларын бұзу) бойынша 53 әкімшілік хаттамалар толтырылған.