«Қаламқастағы» өрт шыққан №8237 ұңғыма жойылуы мүмкін
[ 2019 ] 29 наурыз, 12:40 | Жаңалықтар
«Қаламқас» кен орнында 25 наурыз күні грифондардың бірінен өрт шығып, салынып жатқан ұңғымаға ауысып, жалынның биікті 10 метрге дейін жеткен еді. Өрт 28 наурызда 01:05-те сөнді. Отты сөндіру үшін Төтенше жағдайлар департаменті мен «Семсер-Өрт сөндіруші» ЖШС, «Ақберен» Маңғыстау филиалының құтқарушылары мен атыраулық мамандар жұмылдырылды. Енді «Қаламқас» кен орнындағы өрт шыққан №8237 ұңғыма жойылуы мүмкін. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мамандар айтты.
Брифингке «ҚМГ» АҚ Басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары Жақып Марабаев, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директорының бірінші орынбасары Бақыт Иманбаев, «Ақ берен» «КӘАҚҚ» РМК Маңғыстау филиалының директоры Амангелді Қуаналиев, «ҚазМұнайГаз» өндіру және бұрғылау технологиялары ғылыми-зерттеу институты» ЖШС Бас директоры Бақытжан Хасанов, «Мұнай-газ ҒЖЗИ» АҚ бас директоры Олег Герштанский қатысты.
Өрт шыққан ұңғыманың болашағы шешіліп жатыр
«Өрт шыққан №8237 ұңғыма жойылуы мүмкін. Бұл - салынып жатқан ұңғыма. Арада жасалған шартқа сәйкес, ұңғыма үшін «Сибу» компаниясы жауап береді. Айта кететіні, бұл компания бұдан басқа екі ұңғыманы бұрғылады. Олардың бірі жақын арада пайдалануға беріледі», - деді Жақып Марабаев.
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директорының бірінші орынбасары Бақыт Иманбаевтың айтуынша, ұңғыма әлі компанияның есебіне алынбаған.
«Ұңғыма жойылуы немесе осындай жағдайларды зерттеу үшін пайдаланылуы да мүмкін.
Комиссия құрылды, оның қорытындысымен ұңғыманың болашағы, зиян көлемі мен апаттың себебі белгілі болады. Комиссияның шешімі 20-30 күн шамасында шығады», - деді ол.
«Қаламқастағы» өрт өздігімен сөнді ме?
Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар департаменті таратқан ақпаратта «Қаламқастағы» өрттің өздігінен сөнгені айтылған. Мамандарға қойылған сұрақ та осыған тікелей қатысты болды.
«Газ қоры бар жерде өрт өздігінен сөнбейді. Мұның бәрі - бірнеше күн бойы өрт сөндіру үшін жұмыстанған мамандардың әрекетінің нәтижесі. Газды сөндіру мұнайға қарағанда қиынырақ. Өйткені газ – жеңіл өнім, ол үнемі жылжып жүреді. Құм үйінділері газ бұрқағының көзін бітегендіктен, немесе дәл сол жерде газ көзінің таусылғанынан сөнуі мүмкін», - деді «Мұнай-газ ҒЖЗИ» АҚ бас директоры Олег Герштанский.
«Өрт өздігінен сөнді ме?», «Өздігінен сөнсе, Атыраудан
техника алдырудың қажеті неде?» деген сұраққа Бақыт Иманбаев былай деп жауап қатты.
«Жер қыртысындағы көшпелі газ өздігінен сөнуі мүмкін емес. Бұл - өртті сөндіруге атсалысқан мамандардың еңбегі. Газ қабаттарына сұйықтық жіберу, тау қысымын, ұңғыма түбінің қысымын азайту сияқты геологиялық-техникалық жұмыстардың нәтижесі. Бұл жұмыстар болмаса, қашанға дейін жанып тұратынын ешкім айта алмайды», - деді Бақыт Иманбаев.
Бақыт Иманбаевтың айтуынша, ашылғанына биыл 40 жыл толған «Қаламқас» кенорны ескіріп келеді.
«Бүгінге дейін 157 миллион тонна мұнайды, 14 млрд куб метр газды өндірдік, онда 51 миллион тонна мұнай мен 7 млрд куб метр тонна газ қоры қалған. «Қаламқаста» ұңғымадан орта есеппен тәулігіне 6-8 тонна мұнай алынады. №2837 ұңғыма әлі салынып жатқандықтан, мұнай шығыны жоқ. Ал бір ұңғыманы бұрғылауға 250-270 миллион теңге жұмсалады», - деді ол.
Өрт қайталануы мүмкін бе?
Ж. Марабаев мұндай өрт «Қаламқас» кен орнын игеру жағдайына тән құбылыс екенін атап өтті.
«Біз осындай оқиғаларға дайын болуымыз керек – осы мақсатта қауіп-қатерлер туындаған кезде уақытылы және сапалы әрекет ету үшін арнайы регламенттер әзірленген. Мұндай жұмыстарға жоғары білікті, өндірісті жете білетін және тәжірибесі мол мұнайшы мамандар қажет екенін баса айтқым келеді», - деді ол.
«ММГ» АҚ бас директорының бірінші орынбасары Бақыт Иманбаев өрттің себебін болжау мүмкін еместігін айтады.
«Газ алынғаннан кейін орны толтырылып жатыр. Соңғы жасалған сейсмикалық зерттеулердің нәтижесінде тектоникалық өзгерістің бар екенін біліп отырмыз. Болашақта қайталанатынын немесе қайталанбайтынын ешкім айта алмайды», - деді ол.
Қазіргі кезде нысан қайта қалпына келтіріліп жатыр. Мамандар төтенше жағдайдың алдын алу үшін газдың қорына, ауадағы газдың құрамына жан-жақты техникалық сараптама жүргізеді. Сараптама «Қаламқас» кен орнының орталық бөлігіндегі ұңғымаларды жобалау кезінде бұрғылау ұңғымаларында жүргізілетін жұмыстардың қауіпсіздігін және сапасын қамтамасыз ету үшін арнайы түзету шаралары қабылданады.
Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың 13 наурызында «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ға қарасты «Қаламқас» кен орнында ұңғыманың құрылысы барысында техногендік сипаттағы газ-су аралас табиғи бұрқақ шыққан. 13-24 наурызда мамандар ұңғыманы күрделендірілген бұрғылау ерітіндісімен жуу, сондай-ақ грифондарды жою үшін жөндеу-оқшаулау жұмыстарын жүргізді. 25 наурыз күні жер бетіне шыққан газ-су қоспасының
ошағы жана бастады. Маңғыстау облысы бойынша Төтенше жағдай департаментінің бастығы Қ.Б. Базарбаевтың басшылығымен ТЖ, экология, полиция, орталық мемлекеттік органдар, ҚМГ, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «СиБУ» ЖШС және Маңғыстау облысы әкімдігі өкілдерінен жедел штаб құрылды. Төтенше жағдайды жою үшін 80-нен астам маман және 25 түрлі техника жұмылдырылды. Сөндіру барысында жану ошағын тасымалданатын
лафеттік оқпандармен ауыздықтау жүргізілді. 28 наурыз күні сағат 01.05-те №8237 ұңғымасы маңайындағы грифонда шыққан
өрт сөнді. Газ-су аралас табиғи бұрқақтың жер бетіне шығуы тоқтап, грифондар жабылды. Зардап шеккендер мен қаза болғандар жоқ. Жақып Марабаевтың айтуынша, материалдық шығынның көлемі шамалы.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
Брифингті фейсбуктегі парақшамыздан көре аласыз.
https://www.facebook.com/mangystaumedia/videos/439875763454291/
1104
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.