Күн мен түн теңеліп, қыстың көбесі сөгіліп, жер бусанып, тіршілікке жан бітіп, малдың аузы көкке тиген ырыстың басын қазақ елі «Ұлыстың ұлы күні» деп ерекше дәріптеген. Көктем мерекесін дүркіретіп тойлауды дәстүрге айналдырған «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы биыл да әдеттен жаңылмады. Әз-наурыз мерекесіне орай «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасында киіз үйлер тігіліп, қазан асылып, мол дастархан жайылды. Мерекеге арнайы құрылған сахнада мұнайшы жастар мен басқарма қызметкерлерінің балалары өнер көрсетті. Қазақтың ұлттық киімін киіп, сәнденген мұнайшылар бір-бірімен арқа-жарқа көрісіп, төс түйістіріп амандасып, «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!» деп тілек айтып жатты. Наурыз мейрамын тойлауға жиналған жұртшылықты Қарақия ауданы әкімінің орынбасары Ержан Күмісқали арнайы келіп құттықтады. «Құрметті мұнайшылар, Қазақстанның еліміздің дамыған елдермен терезесі тең болуы, жергілікті деңгейде Жетібай, Мұнайшы ауылы, Қарақия ауданының әлекметтік-экономикалық дамуы үшін орасан үлес қосып келесіздер. Аудан жұртшылығы атынан сіздерге зор ризашылығымды және алғысымды білдіремін. Жыл құтты болсын, жақсылығы мол жыл болғай!» - деп, Е. Күмісқали өз лебізін білдірді. [gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="75385,75386"] Бұдан соң Қарақия ауданының әлеуметтік- экономикалық дамуына зор үлес қосып отырған «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасының бір топ қызметкеріне аудан әкімінің алғыс хатын табыстады. - «Ұлыстың Ұлы күні – Наурыздың барлығымыз үшін жолы да, жөні де бөлек! Амандық-саулық, ақ тілек, молшылықпен, жалпы, біздің қазақтың тамаша салт-дәстүрімен келетін Наурызға аман-есен жеткенімізге қуанатын нағыз мереке - осы күн! Бұл күні біз өткен жылы жасаған жұмысымызға есеп беріп, келешекке жоспар құрамыз, тәуелсіз еліміздің өркендеп, өсуі жолында жаңа бастамаларға негіз қалаймыз. Сонау 1961 жылдан бері игеріліп келе жатқан Жетібай кенорынының алар асуы әлі алда деп есептеймін. Жетібайлық мұнайшылар жаңа 2019 жылдың алғашқы тоқсанындағы мұнай өндіру жоспарын орындау жолында қажырлы еңбек етуде. Компания Басқармасы Сіздердің қашанда табыстың биік тұғырынан көрінетіндеріңізге сенеді! - деді «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директорының бірінші орынбасары Бақыт Иманбаев. [gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="75387,75388,75393"] Жиналғандарды «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директорының коммерциялық мәселелер жөніндегі орынбасары Чэнь Цзунсян, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тарғын Мысанбаев құттықтады. Салтанатты шарада мұнай саласына еңбегі сіңген бір топ мұнайшы «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының Құрмет грамотасымен және Алғыс хатпен марапатталды. «Жетібаймұнайгазға» 1989 жылдың 1 тамызында жұмысқа кірдім. Мұнай өндіру және айыру цехында есепші болып қызмет етемін. Ұлыстың ұлы күнінде осы жылдардағы еңбегім еленіп, марапатқа ие болып жатырмын. Барша әріптесімді Наурыз мерекесімен құттықтап, оларға бар жақсылықты тілеймін. Қазақстан халқын көктем мен жаңарудың мерекесі Наурыз мейрамымен құттықтаймын. Еліміз тыныш болғай!» - дейді Амангүл Өтежанова. Мерекеге орай алғыс хатқа ие болғандардың бірі - «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасының № 1 мұнай және газ өндіру цехының аға механигі Болатбек Боранқұлов. Мұнай саласында 20 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан ол әу баста қарапайым жөндеуші-слесарь болып бастаған. Қазір мұнай сорғысын, қондырғысын, мұнай ыдыстарын жөнейтін бригадаға жетекшілік етеді. «Ұлыстың ұлы күні құтты болсын! Елімізге береке, халқымызға игілік, мемлекетімізге молшылық, ал әр шаңыраққа бақыт пен шаттық тілеймін», - деді ол. «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасының басшысы Қалмырза Бүркітовтың айтуынша, Жетібай кен орнына қарасты 12 цехта 1149 адам қызмет етеді. Кен орын тәулігіне 6 мың 673 тонна мұнай өндіреді. «Жетібаймұнайгаз» - 1961 жылы Маңғыстауда бірінші ашылған өндірістік орын. «Бұл кен орын Маңғыстаудың үш ауданын – Қарақия, Мұнайлы және Маңғыстау ауданын алып жатыр. Бүгінде 2645 ұңғы жұмыс жасап тұр. №1, 2 мұнай өндіру цехы бес күндік жұмыс тәртібімен жұмыс жасаса, Асар кен орнында орналасқан №3 мұнай-газ өндіру кәсіпшілігінде мұнайшылар вахталық әдіспен еңбек етеді. Кішкене кезімізде 14 наурыз күні ауылда үлкен кісілердің қолын алып, амандасып, көрісетін едік. Қазір бұл мерекені бүкіл қазақ елі тойлай бастады. Қазақстандағы әрбір отбасыны Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, жаңа жыл молшылығын ала келсін деп тілеймін. Амалдан амалға аман жетейік», – деді Қалмырза Бүркітов. Салтанатты шарада мұнай саласында қызмет ететін өнерпаз жастар өнер көрсетті. Көпшілікті көтеріңкі көңіл-күйге бөлеп, күй тартып, би биледі. Мерекеге орай арнайы тігілген киіз үйлерде ұлттық тағамдардан дәм ұсынылды. Бозбалалар атқа мініп, жиналғандар арқан тартып, кір тасын көтеріп, қол күшін сынасты.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="75389,75390,75394,75395"]