Ақтау қаласы 15 шағынаудандағы дала сахнасы жанына "Қобыз" мүсіні қойылды. Бүгін қаланың 55 жылдығына арналған мүсіннің ашылу рәсімі өтті.
Салтанатты шараға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасарлары Мақсат Сқақов пен Руслан Сәкеев, Ақтау қаласының әкімі Ғалымжан Ниязов, Қарақия ауданының әкімі Қыдырберді Беков, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері қатысты.
Композицияда қазақ халқының көнеден келе жатқан музыкалық аспабы мен ынтымақ пен татулықтың белгісіндей шаңырақ бейнеленген. Ұзындығы 2 м, биіктігі 4 м, ені 1 м болатын бұл туындының қаңқасы темірден жасалған. Сыртқы қабаты 60 градус ыстық пен 60 градус суыққа төзімді шыны талшықтармен қапталған.
Айта кетейік, бұл - Қарақия ауданының мереке қарсаңындағы Ақтауға ерекше сыйы, тартуы болатын.
Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ