Ақтау қаласының 55 жылдық мерейтойына орай "Қазыналы Қарақияның Ақмаржан қала Ақтауға тартуы" атты Қарақия ауданының мәдени күндері өтті.
Алдымен қалада ауданның ауыл шаруашылығы мен тауар өндірушілердің жәрмеңкесі өткізілді. Шараға 20-дан астам кәсіпкер қатысты. Жәрмеңкеде ауыл шаруашылығы өнімдері, көкөніс, жеміс-жидектер, сүт өнімдері, "Құрық ассортиі" консервіленген өнімдері және қолөнер бұйымдары(моншақтар, түрлі тастардан жасалған әшекейлер, жүннен жасалған заттар, тоқыма) сатылды. Өнімдер 20 пайыздық жеңілдікпен қолжетімді бағада халыққа ұсынылды. Мəселен, ет - 1500 тг, шұбаттың 1 литрі - 600 тг, қызанақ - 150тг-ден сатылды.
Қарақия ауданының мәдени күні Ақтау қалалық №29 мектепте білім саласы қызметкерлерінің тәжірибе алмасуымен жалғасты. Білім саласының мамандары, басшылары мектепті аралап, жұмысымен танысты. Интеллектуалды кабинетпен, көшбасшы және жылыжай кабинеттерін көрді.
"Бүгін Қарақияның мәдени күндері өтіп жатыр. Білім саласының қызметкерлері бір-бірінің озық тәжірибелерімен бөлісті. Жақсы пікірталас болды. Оқушылар алған межелерін, ғылыми жобалар бойынша жетістіктерін көрсетті. Қазір облыс әкімінің тапсырмасымен "Жасыл мекенім" басғдарламасы бойынша жылыжайлар салу қолға алынды. Осы мақсатта оны әрі қарай жетілдіру үшін Қарақия ауданындағы жылыжайы бар мектептермен бірлесе жұмыс істедік. Өте жақсы кездесу болды деп ойлаймын", - деді Ақтау қалалық білім бөлімінің басшысы Светлана Төлебаева.
Оның айтуынша, бұл тәжірибе бөлісу алдыңғы жылдары Маңғыстау, Түпқараған аудандарында өткен. Ақтаудың озық тәжірибелі мұғалімдері математика, физика саласы, балаларға ұлттық бірыңғай тестілеу және олимпиадаға дайындық бойынша шеберлік сабақтарын өткізген.
Қарақия ауданы, сондай-ақ Ақтау қаласының 55 жылдығына ерекше сый тарту етті. Ол -15 шағынауданда дала сахнасы жанында орналасқан "Қобыз" мүсіні.
Ауданның мәдени күндері әрі қарай концерттік бағдарламаға ұласты.
"Қобыз композициялық мүсіні-Қарақия ауданы халқының Ақтау қаласына деген үлкен ыстық ілтипаты мен лебізі. Бүгінгі жəрмеңкедегі ең арзан тауар мен азық-түлік елдің көңілінен шығып жатыр, Қарақия ауданының Ақтау қаласына деген үлкен құрметі мен ізеті. Сахна төрінде 100-ден астам әртіс сіздердің көңілдеріңізден шығып, Ақтау қаласының 55 жылдық мерейтойына өздерінің ән-шашуын, жыр шашуын жолдап тұр. Сондықтан Ақтау қаласының әкімдігі болып, Маңғыстау облысының әкімінің атынан, Маңғыстау халқының атынан Қарақия ауданына шексіз алғысымызды, үлкен ізет-ілтипатымызды білдіргіміз келеді", - деді Облыс әкімінің орынбасары Мақсат Сқақов.
Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ