©
ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі жаңаөзендік көп балалы әке мен министр Бердібек Сапарбаевтың тілдескені түсірілген видеоға қатысты түсінік берді. Бұл бейнежазба Премьер-министр Г.Әбдіқалықова бастаған үкімет мүшелерінің Жаңаөзен қаласына жұмыс сапары кезінде түсірілген, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Бейнероликте өзін "7 баланың әкесімін" деп таныстырған жаңаөзендік азамат министрден жұмыс сұраған. «Көп балалы әкемін, 7 балам бар. Басымда баспанам жоқ, бір қызым мүгедек. Енді мен жұмыс сұрап жүрмін. Мұнайдың саласына жұмысқа кіріп, баспана алайын», - деген азаматқа Жаңаөзен қаласының әкімі Ә.Дауылбаев 150 мың теңгенің жұмысы ұсынылғанын айтты. «150 мыңнан бастау керек, одан кейін көбейеді. Одан асып жатса, атаулы көмек аласыз», - деп жауап қатты министр. https://youtu.be/xS2IshSk6p8 Бұл бейнежазбаны тұрғындар өзара бөлісіп, қызу талқылап, бірі 150 мың теңгенің аз екенін айтса, енді бірі екі қолға бір күрек табылып тұрғанда бас тартпау керектігін айтты. Осы бейнежазбаға қатысты Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметкері Қанат Құлшманов түсінік берді. Ол Жаңаөзен тұрғынының отбасының кірісі 1 сәуірден бастап қандай болатынын есептеп көрген. «Бүгін желіде Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Бірдібек Сапарбаевтың жеті баланың әкесін 150 мың теңгенің жұмысына келісім беруге шақырған видеосын талқылаған бірнеше жазбаны көрдім. Балалардың бірі – мүгедек. Әрине, көп балалы отбасы үшін 150 мың теңгенің аз екенін бәрі де түсінеді. Бірақ биыл 1 сәуірден бастап енгізілетін атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматына есепке алып, осы жағдайды қайта талдап көрелік. Айлық табыс: 1) Отағасы 150 мың теңге табады. 2) Көп балалы анаға берілетін арнайы мемлекеттік жәрдемақы – 10 504 тг. 3) «Алтын алқа» немесе «Күміс алқа» медалімен марапатталған көп балалы анаға берілетін жәрдемақы - 16 160 тг. 4) Мүгедек балаға берілетін жәрдемақы - 41 578 тг. 5) Мүгедек баланың күтімі үшін берілетін жәрдемақы – 31 183 тг. Отбасының ай сайынғы жалпы табысы - 249 425 теңге. АӘК көрсету үшін 2019 жылдың 1 сәуірінен бастап келесі кірістер ғана есепке алынады: 1) Жалақы – 150 000 тг. 2) Мүгедек баланың күтімі үшін берілетін жәрдемақы – 31 183 тг. Нәтижесінде, 181 183 тг. Егер осы соманы отбасы мүшелеріне, 9 адамға бөлек: 181 183/9 = 20 132 тг. АӘК көрсету үшін ұсынылатын критерий (Маңғыстау облысы бойынша) 23 750 тг тең. Балаларға арналған АӘК мөлшері: 23 750 тг*7 бала = 166 250 тг. Ата-аналарға арналған АӘК мөлшері: 23 750 - 20 132 = 3 618 тг; 3618 * 2 = 7 236 тг. Отбасыға бір айда төленетін АӘК мөлшері = 166 250 + 7 236 = 173 486 тг. Осылайша, бұл отбасының табысы 1 сәуірден бастап 249 425 тг + 173 486 тг = 422 911 теңге болады».