Ақтауда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты, "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, әнші Сәуле Жанпейісованың "Өнер жолы" атты шығармашылық кеші өтті. Сазды кеште Amanat music ІІ халықаралық конкурс-фестивалінің жеңімпаздары өнер көрсетті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Сәуле Жанпейісова ән кешін Үкілі Ыбырайдың "Гәкку" әнімен ашты. Сондай-ақ Саттығұлдың термесін орындады. Шәмші Қалдаяқовтың "Теріскей", Т.Рахымның "Боз орамал" әнімен көрерменнің құлақ құрышын қандырды. Сондай-ақ маңғыстаулық өнер иелері Ақмарал Ерімбетова, Ғалымжан Жолдасбай, Сәбит Шектібаев пен Нұрым Асқанов әнін әуелетті. Жиналған қауым С. Жанпейісованың ән кешінде конкурс-фестивалі жүлдегерлерінің өнерін тамашалады. Amanat music ІІ халықаралық конкурс-фестивалінің авторы – Сәуле Жанпейісова. «Сайысқа Маңғыстау облысынан 132 өнерпаз қатысқан. Бұл фестиваль-конкурс 15 маусымға дейін Қазақстанның 14 облыс орталығы, Астана мен Алматы қалаларында жалғасын табады. Бұған дейін Amanat music конкурс-фестивалі 2017 жылы Алматы қаласында басталған еді. Оған бірнеше облыс пен қалалардан, сонымен қатар Венгрия, Якутия, Түркия, Қырғызстан сынды өзге мемлекеттерден 140-тан астам өнерпаз қатысты», - дейді ән кешінің жүргізушісі Қуаныш Табын. [gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="75187,75185"] Amanat music ІІ халықаралық конкурс-фестивалінің республикалық 2-ші кезеңіне жолдама алған облыстық кезеңнің бас жүлдегерлері, Алматы қаласында өтетін республикалық кезеңде Маңғыстау облысының намысын қорғамақ. «Дәстүрлі ән номинациясы бойынша облыстық 1-кезеңде бас жүлдені Ақжол Кенжемұрат, Жансұлу Әбдимажит алды. Сондай-ақ аспапта орындаушылық номинациясы бойынша жеңімпаз атанғандар - Айнұр Шукурова, Сағыныш Ыбырай, Аружан Құралбай, Қаршыға Ахмедияров пен Нұрдәулет Бисен. Үлкен топта дәстүрлі ән номинациясын Сатбек Елжан, Ақжол Тілеубай мен Аққу Ермекбаева иеленді. Ал ансамбльдер номинациясы бойынша бас жүлдені «Бейнеу бүлдіршіндері» вокалдық тобы еншіледі», - дейді Қуаныш Табын. [caption id="attachment_75190" align="alignnone" width="696"] С. Жанпейісованың ән кеші[/caption] Кеш соңында ақын Светқали Нұржанов өзінің ізгі ниетін білдірді. ««Қазақ үшін Сәуле кім? Сәуле – үш қиян елінің әнінің туын Ғарифолладан кейін сілкіп Алатаудың шыңына қадаған әнші. Шалғайда жатқан елміз, сондықтан қазақтың өнер айналымына кешігіп, жұқарыңқырап қалған кездерімізде Маңғыстау әндерін қазақтың ұлы өнер айналымына түсірген әнші осы – Сәуле. Оның миссиясы орасан. Мынау қауызы жарылмай тұрған кішкентай бүлдіршіндерге Сәуленің сәулесі түсті. Енді бүкіл қазақ баласының қауызы ашыла береді, ол қауыздан жұпар шашыла бермек», - дейді ол. Айта кетейік, Сәуле Жанпейісова 18 жыл бойы Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясында ұстаз, халық әні кафедрасының меңгерушісі қызметін атқара жүріп, көптеген әншіні тәрбиелеп шығарды. Елмұра Жаңабергенова, Айгүл Елшібаева, Өмірқұл Айниязов, Қарақат Әбілдина секілді көптеген шәкірті қазақ сахнасын әнге бөлеп жүр. Ал Маңғыстаудан Сәуле Жанпейісованың сыныбынан Елдос Еміл мен Айгүл Қосанова тәлім алып шыққан.