©
Маңғыстау облыстық соты күдікке ілініп, қамауға алынған бірқатар мемлекеттік қызметкерге қатысты ақпарат берді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Маңғыстау облыстық сотының хабарлауынша, мемлекеттік қызметке және мемлекеттік басқару қызметіне қарсы аса ауыр көлемде сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деп айып тағылған С.Аманғалиевке қатысты "күзетпен ұстау" санкциясы 2019 жылдың 3 сәуіріне дейін созылды. Айта кетейік, оған мемлекеттік қызметке және мемлекеттік басқару қызметіне қарсы аса ауыр көлемде сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деп айып тағылды. ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабы 3 бөлігімен (пара алу) күдікті деп танылған С.Аманғалиев «күзетпен ұстау» түрінде екі айға қамауға алынған еді. «Пара алды деген күдікпен ұсталған 2-ші мемлекеттік қызметкер – А.Атадусов. Ол Қарақия ауданы әкімі аппаратының басшысы болған. Оны "Күзетпен ұстау" түріндегі санкция 9 наурызда аяқталған, енді іс соттың қарауында түсуі керек», - дейді облыстық соттың баспасөз қызметкері. Ол былтыр 7 желтоқсан күні 1 миллион теңге көлемде пара алды деген күдікпен ұсталған. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Жанна Бастарова мәлімдеген. Мемлекеттік қызметке және мемлекеттік басқару қызметіне қарсы ауыр көлемде сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деп айып тағылған 3-ші мемлекеттік қызметкер – Н.Қарабалаев. Оны 23 ақпанда қамауға алу бұлтартпау шарасы үй қамағына алуға өзгертілді. Санкция 29 наурызға дейін күшінде болмақ. Естеріңізге сала кетейік, Маңғыстау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбек Қарабалаев қамауға алынын жазған едік.