14 наурыз күні Амал мерекесінде Ақшымырау ауылындағы алтыбақан құлап, екі қыз бала зардап шекті. 2010 және 2013 жылдары туған қыз балалар Маңғыстау облыстық балалар ауруханасының қабылдау бөліміне санитарлық авиация арқылы жеткізілген, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Балаларға жабық бас сүйегінің жарақаты, мидың шайқалуы, асқазанның жарақаты деген диагноз қойылған. «Қыздардың бірі есінен танып қалған. Облыстық балалар ауруханасы дәрігерлері дер кезінде көмек көрсетті. Қазір балалардың жағдайы бірқалыпты. Балалар травматология бөлімшесінде жатыр, көп ұзамай ауруханадан шығады», - деп атап өтті Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметкері Азамат Сәрсенбаев. Баланың ата-анасының айтуынша, ауылда мерекеге орай алтыбақан құрылған. Бірнеше бала алтыбақанға мініп ойнап жүргенде, құрылым балалардың салмағын көтере алмай, үстіне құлап түскен.