«Еліңде кімдер бар, еліңнен елге танымал кімдер шығып еді» дегенде жаңа дәуірдің ғылымы мен біліміне олжа салған, кейінгілерге үлгі боларлықтай із қалдырған айтулы азаматтардың бірі – Берекет Жұмалиев ағамыз еске түседі.
Ел азаматтары қасиет қонған бабаларымыз бен өмірден өткен айтулы азаматтарымыздың есімін есте қалдыруды Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ қолға алды. 1996 жылдың сәуір айында аудан орталығы Шетпедегі алғашқы білім беру ордасы №2 орта мектептің педагогикалық ұжымы мен ата-аналар комитеті мектепке ел білімінің қарашаңырағы Қазақ мемлекеттік университетінің білікті ұстазы болған, техника ғылымының кандидаты, ғалым, жерлесіміз Берекет Жұмалиевтің есімін беру жөнінде ұсыныс жасады. Бұл ұсыныс бүкіл аудан жұртшылығы, облыстың ономастикалық комиссиясы, аудан әкімияты мен аудандық мәслихат тарапынан қолдау тапты.
Бұл шара өмірден ертерек өткен ғалым ағамыз Бекеңнің 60 жасқа толуымен орайластырылды. Осы жылы облыс әкімі Қиынов Лаззат Кетебайұлы, аудан әкімі Қартбаев Аманжол Жөнекешұлы, аудандық мәслихат хатшысы мен, аудан әкімдігінің аппарат басшысы, қазіргі аудан әкімі Айтуаров Жармағанбет Қайырмағанбетұлы болатын. Бірінші сайланған аудандық мәслихаттың 31.05.1996 жылғы он бірінші сессиясында «Шетпе селосындағы №2 орта мектепке Берекет Жұмалыұлының есімін беру туралы» №71 шешім алынды. Шешім жоғарғы органдар тарапынан да қолдау тауып, мектеп ұжымы 1996-1997 оқу жылын Берекет Жұмалиев атауымен бастады.Осы бір жағдайларды еске алу барысында осыдан 48 жыл бұрынғы, қазір тарих қойнауына еніп бара жатқан кейбір жайттар ойға оралады. Мектеп ғимаратын 1968-1969 оқу жылына Каспий аймақтық құрылыс басқармасына қарасты әскери құрылыс отрядының солдаттары салып, пайдалануға берген болатын. Әлі есімде...1968 жылдың 30 тамызы күні сап түзеген құрылысшылар ротасының капитан шеніндегі командирінің қолынан Ұлы Отан соғысының ардагері, Еңбек қызыл Ту орденінің иегері, аудандық Кеңес атқару комитеті төрағасының орынбасары, Бекеңнің туған ағасы Бекмырза Жұмалиев ағамыз мектептің символикалық кілтін қабылдап алды. Бұл жылдар аудан орталығының Таушықтан Шетпе станциясына көшіп келген кезеңі еді, мектеп оған дейін №260 құрылыс монтаж поезы (СМП-260) теміржол құрылысшыларынан қалған барақ үйлерінің бірінде еді. Осы мектептің педагогикалық ұжымы маған қашан да ыстық, ерекше жақын сезіледі. Өйткені, осы жылы Кеңес Армиясы қатарынан оралған мен осы мектептің мұғалімі болып, еңбек жолымды бастадым. Мектеп директоры Бигелді Теміралиев, бастауыш партия ұйымының секретары Айман Сәрсембаева, оқу ісінің меңгерушісі Таңатар Хамитов болатын.
Кейінгі жылдары аудандық мәслихаттың депутаты, аудан жұртшылығына елеулі еңбегімен танымал болған азамат, өмірден ерте озған, марқұм Бекеңнің інісі Жаулы Жұмалиев (өзі де осы мектепті оқып бітірген болатын) мектеп ұжымымен бірлесіп, «Берекет Жұмалиев және мектептің озат түлектері» жөнінде мағлұматтар беретін сынып бөлмесін жасақтауға біршама еңбек етті.
Осы мектептен өзімнің балаларым да оқып білім алды, ер жетті, өмірге қанат қақты, байланысымыз үзілмеді. Мектептің фойесінде ел мақтанышы, ғалым, ұстаз ағамыздың 80 жасқа толу қарсаңында ескерткіш бюстісінің қойылуы да баршамыз үшін мереке, қуанышты сәт болды.
Жалғас ЖАПАҚОВ, Маңғыстау ауданының Қоғамдық кеңесінің төрағасы