Аймаққа арнайы сапармен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қабибулла Жақыпов «Қазтеңізкөлікфлоты» Ұлттық теңіз кеме компаниясы» АҚ еңбек ұжымымен кездесті. Кездесуде халық қалаулысы ұжымға қоғам мен мемлекетті түбегейлі өзгертуге бағытталған бағдарлама Ұлт жоспарын түсіндіріп, қызметкерлер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Мәжіліс депутаты елімізді дамудың жаңа сатысына көтеретін Ұлт жоспарының мақсатын әрбір азаматтың жете түсінуі маңызды екендігін баса айтты. Ұлт жоспарының әр қадамын қолданысқа енгізген сайын еліміз әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа белесіне көтерілетіндігін, қазіргі таңда елімізде жүзеге асқан жұмыстар соның дәлелі екендігін атап өтті.
-Баршаңызға белгілі 1 шілдеден бастап Парламент Мәжілісінің алтыншы шақырылым депутаттары жұмыстарын аяқтап, демалысқа шықты. Осы аралықта біз еліміздің әрбір аймағында болып, сол облыста іске асып жатқан жұмыстармен жақын таныстық. Менің бұл сапардағы мақсатым-Елбасымыздың алға қойған тапсырмаларының орындалу барысымен танысу, Ұлт жоспарын іске асырылуына орай 59 арнайы Заң шығарылған болатын, сол заңның жүзеге асуын да қадағалау. Жалпы Ұлт жоспары еліміздің экономикасын дамытуды, халықтың әл-ауқатын арттыруды, ел бірлігін нығайтуды көздейтіні белгілі. Сондықтан да бүгінгі сапарымда облыстағы орта және шағын бизнес өкілдерімен де кездесіп, кәсіпорындарды да араладым. Елбасының тапсырмасы бойынша біз орта және шағын бизнеске қолдау көрсетіп, елімізде кәсіпкерлік саласының дамуына жағдай жасауымыз керек,-деген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қабибулла Жақыпов елімізде орта және шағын бизнесті дамыту үшін Үкімет тарапынан 100 млрд.теңге қаржы бөлінгенін атап өтті.
«Қазтеңізкөлікфлоты» Ұлттық теңіз кеме компаниясы» АҚ бас директорының кеңесшісі Қуаныш Есетовтың айтуынша, бүгінгі таңда мекемеде 275 адам еңбек етеді. Оның 200-і теңізде жұмыс жасайды.
-Елбасы Н. Назарбаевтың 100 нақты қадам «Ұлт жоспарын» жүзеге асыру бағытында теңіз көлік саласы жағынан біз де елеулі үлес қосатын боламыз. 1998 жылы құрылған біздің мекемемізде қазіргі таңда алты танкер кемесі, сегіз баржа, бес буксир бар. Сонымен бірге Қара және Жерорта теңізінде 115 мың тонна мұнай тасымалдай алатын біздің екі үлкен танкер кемеміз орналасқан. Мекеменің алға қойған үлкен жоспарлары бар, бүгінгі таңда сол бағытта жұмыс жасап жатырмыз. Қызметкерлеріміздің білімін жетілдіру бағытында да біраз жұмыстар қолға алынған. Жалпы біздің мекемеге жұмысқа орналасу үшін үш тұғырлы тіл саясатына басымдылық беріледі. Барлық мамандарымыз ана тіліміз-қазақ тілінен бөлек, орыс, ағылшын тілдерін жетік меңгерген. Өйткені, біз шет елдік мамандармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасаймыз,-деді Қуаныш Есетов.
Венера МИРЛАН