Бүгін Ақтауда «Маңғыстаудың тарихи-мәдени мұраларын зерттеудегі жаңа көзқарастар мен перспективалар» халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Бірнеше ел ғалымдарының басын қосқан жиын өлкенің тарихи жәдігерлерін терең зерттеу, архивтік-библиографиялық ізденістерді жүйелеу, Маңғыстаудың мың жылдық тарихын зерделеуге бағытталған. Конференцияға шетелден 24, еліміздің мамандарын қосқанда 50 ғалым қатысты. Олардың қатарында Ресей тарих институтының бас ғалымы, профессор, тарих ғылымдарының докторы Вадим Трепавлов (Мәскеу), Әзірбайжан Ұлттық Академиясының археология және этнография институтының баспа және ғылыми байланыс секторының жетекшісі Сафар Ашуров (Баку), Оксфорд университеті тарих факультетінің ғылыми қызметкері Мари Фаверо-Думенжу (Лондон), Измир қаласы Эгей университетінің докторы Метин Экиджи, тарих ғылымдарының кандидаты Ирина Егофеева (Алматы), Ә.Марғұлан атындағы археология институтының полеонтропология зерттеу лабораториясының меңгерушісі Егор Китов (Алматы) сынды белгілі мамандар бар. Конференция төрағасы – Маңғыстау облысының әкімі, заң ғылымдарының кандидаты, саяси ғылымдар докторы Ералы Тоғжанов. Шетел ғалымдары бірнеше тақырыпты қаузаған ауқымды шара үш тілде жүргізілді. «Конференцияның негізгі жұмысында қаралатын мәселелер – былтырғы «Маңғыстаудың материалдық және материалдық емес тарихи-мәдени мұралары» халықаралық экспедициясының қорытындысында анықталған жаңалықтарды ғылыми ортаға енгізу. Қатысушы ғалымдар кеше Шақпақ ата мешітімен танысып, оны ерекше бағалап қайтты. Сондай-ақ бүгін 3 көрме жасақталып отыр. Оның ішінде экспедицияның қорытындылары және «Алтынқазған» діни қабірлеу кешенінен табылған жаңа экспонаттар бар. Ат әбзелдері, жүген, ер секілді табылған заттарды өлкеге белгілі археолог А.Астафьев жинақтап, реконструкциясын жасақтап қойды», - дейді МО Мәдениет басқармасының басшысы Пания Сармурзина. Маңғыстаудың тарихи-сәулет мұраларының шығу тегін, эпиграфиясы мен таңбаларын, ноғайлы кезеңі топонимикасын, көшпелі мәдениет ескерткіштерін археологиялық зерттеу жұмыстарын негізгі бағыт ретінде ұстанған конференция бірнеше секцияға бөлінді. Ғалымдар зерттеу еңбектерін тарих, археология, этнография және этнология, эпиграфика, ескерткіштану салалары бойынша жіктеп, ортаға салды. «Қазақстанның батысында, Маңғыстауда тарихи ескерткіштер өте көп сақталған. Соңғы жылдары елде сол ескерткіштерді зерттеуге көңіл бөліне бастады. Ғалымдар, тарихшылар мен археологтар жан-жақты жұмыс істеуде. Бүгінгідей конференциялар пайдалы ғана емес, ол өте қажет», - дегенді айтты Ресейден келген ғалым В.Трепавлов. Шетелдік ғалымдардың Маңғыстауға алғаш келуі емес. Десе де әр келген сайын тылсымға толы мекен таң қалдыруын тоқтатар емес. Оған өлкетанушы Алқажан Еділханның мына сөзі дәлел: «Өткен жылғы экспедиция барысында облыс халқы құлақтанып, мамандар келетінін біліп, күтіп отырғанын аңғардық. Ауылдарға барғанымызда тұрғындардың ынтасымен, қолдауымен жұмысымыз сәтті аяқталды. Шетелден келген ғалымдар Маңғыстау халқының мұраға деген ерекше көзқарасына тәнті болып, «Мінездеріңізде ерекшелік бар екен» деп кетті. «ХХІ ғасырда өмір сүре отырып, 4-6 мың жыл бұрынғы мұраларды сақтап, пайдаланып келесіздер. Осыны түсінгіміз, табиғаттарыңызды зерттегіміз келеді» дегенді айтты. Сондықтан экспедиция алдына қойған мақсатына артығымен жетті деп есептейміз», - дейді ол. Жиын барысында ғалымдар жан-жақты зерттеп, сүзгіден сүзіп, елекпен елеп әкелген жұмыстарын таныстырды. Тарих ғылымдарының кандидаты Ирина Егофеева Қазақ хандары тақырыбында бірнеше жылдан бері зерттеу жүргізіп келеді. «Қазақ хандарының эпистолярлы мұралары» атты іргелі еңбектің және бірнеше кітап пен мақала авторы. «Маңғыстауға келмегеніме 7 жыл болыпты. Облыс әкімдігімен, мәдениет басқармасымен бірлесіп көптеген жұмыс жасағанбыз. Бұл конференцияға да қатысу мен үшін мәртебе. «Маңғыстауға қазақтардың қоныстануының негізгі тарихи кезеңдері» тақырыбында баяндамамды дайындап әкелдім. Бұл жұмыс Қырымбек Көшербаев мырза әкім болған кезеңдерде басталған еді. Одан кейін тоқтап қалды. Дегенмен облыс әкімінің қолдауымен қайта қолға алынып, қаржы бөлінді. Мәскеуге, Санкт-Петербургке барып қажетті құжаттарды, материалдарды алып қайттым», - дейді өзі. Былтырғы экспедицияға қатысқан түрік ғалымы Метин Экиджи де бұл жиынға арнайы келді. Маңғыстауға екінші рет табан тіреген ғалым түрік халықтарының мазарларын тереңнен зерттеп жүр. Оғыз, қыпшақ тайпаларының атажұрты санайтын маңғаз өлкеде түркі әлемінен хабар беретін бейіт, ескерткіштер көптігін айтады. Олардың Әзірбайжан, Түркия елдеріндегі тастармен ұқсастығын да байқаған. «Біз бірнеше ескерткіш, қауымдарды зерттей келе, Маңғыстауға «Түркі халықтарының бірге болған жері» деп ат қойдық. Былтыр қыркүйекте Түркияда түркілердің атажұртындағы мазарлар жайында жиын болды. Сонда мен Маңғыстаудан түсіріп алып кеткен мазарлардың суреттерін көрсеткенмін, түріктерге қатты ұнады. Маңғыстауды, ондағы Қарағашты, Кентті баба, Қызылқала, Шопан ата, Бекет ата сынды ерекше орындарды әлем халқы онша біле бермейді. Ал бұл жиыннан соң мұндағы киелі орындар, құнды мұралар жайында, кімдер мекендегені туралы хабардар болады. Бүгінгі конференция сонысымен да маңызды», - дейді түрік ғалымы. Конференция қатысушылары Амал мерекесіне арналған «Ұлы дала көші» театрландырылған шарасына, Отпан тау басындағы мерекелік жиынға қатыспақ. Тарихи-мәдени кешенде шетелдік қонақтарға арналған жүрмелі семинар өткізілмек.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="74626,74625,74624,74623,74620,74619,74618"]