Пания апай, Нұрлан Құлбай, Бекболат Төлеген, Марат Өтесінов

11-13 наурызда Ақтауда «Маңғыстаудың тарихи-мәдени мұраларын зерттеудегі жаңа көзқарастар мен перспективалары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтеді. Мақсат – Маңғыстау тарихындағы ақтаңдақ болған жаңа лектерді, Маңғыстау тарихына жаңа көзқарастарды ашу. Бұл жөнінде ӨКҚ алаңында өткен брифингте айтылды.

Былтыр өңірде «Маңғыстаудың материалдық және материалдық емес мұралар» атты экспедиция өткен еді. Оның барысында Маңғыстау облысында орналасқан Қазақстанның жалпыұлттық маңызы бар сакралды орындары, ноғайлы кезеңінің ескерткіштері, аймақтың шыңырау-құдықтары, археологиялық ескерткіштері зерттелді. Нәтижесінде жаңа 20 шыңырау құдық, 5 жер асты мешіті анықталды. Конференция сол экспедиция қорытындысы бойынша жүргізілмек.

Конференцияның аясында Түпқараған ауданына қарасты Шақпақ-ата жерасты мешіті және қорымы ескерткішіне жүрмелі семинар ұйымдастырылады. Облыстық тарихи-өлкетану музейін және Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының экспозицияларына, Ақтау қаласына экскурсия өткізілмек. Сондай-ақ қатысушылар Амал мерекесіне арналған «Ұлы Дала көші» театрландырылған шарасына қатысады.  Конференцияға Түркия, Ресей, Ұлыбритания, Өзбекстан, Түркменстан ғалымдары мен еліміздің зерттеушілері келеді.

«Маңғыстау мұраларын зерттеудің қыр-сырын, жаңа көзқарастарды, ескерткіштерін, этнографиясын, эпиграфиясын бірнеше салаға бөлдік. Конференция 5 секциядан тұрады. Өңір тарихының археологиясы, этимологиясы, графикасы, таңбалары өз алдына қарастырылады. Шетелден келетін ғалымдарға да дәл солай жеткізілді. Олар баяндамаларын, мақалаларын жіберіп жатыр», — дейді Маңғыстау тарихи-мәдени қорығының директоры Нұрлан Құлбаев.

Оның айтуынша, конференцияға шетелден 24 ғалым шақырылған. Қатарында Игорь Қызыласов, ноғай тарихын зерттеп жүрген Вадим Трепавлов сынды белгілі ғалымдар бар.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз