Сам ауылында қазақы салт-дәстүрді насихаттау мақсатында ұлттық спорт түрлерінен әртүрлі сайыс өтті. Жарыс Сам ауылы жастары мен ауыл әкімдігінің ұйымдастыруымен, Бейнеу аудандық жастар ресурстық орталығының қолдауымен «Ауылдар – жастар астанасы» жобасы аясында болды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Өткен сайыстың алғашқысы - «Топ тарқатар бәйгесі». 6 шақырымдық жарыс жолында 12 тұлпар көсіле шапты. Әсет Айладыровтың «Шабдар қасқасы» мәре сызығын бірінші болып кесті. Нағим Ұзақбаевтың «Көк дауыл» атты жүйрігі 2-ші келсе, 3-орынды Ақниет Мусабаевтың «Ақбөкен» тұлпары еншіледі. «Теңге ілу жарысына» 3 адам қатысты. Ойыншылар ерттелген атқа мініп, бірнеше метрден шауып теңге алу керек. Қорытындысы бойынша 1-орынды Ермұхан Байсейітов иеленсе, 2-орынды Қаршыға Жәңгірханов пен 3-орынды Қайрат Айладыров алды. «Бала кезімнен аттың құлағында онайтынмын. Теңге ілу жарысы маған аса қиындық тудырмады. Ауылда жарыстар мен бәйгелер жиі ұйымдастырғанын қалаймын», - дейді Ермұхан Байсейітов. Сонымен қатар қатысушылардан ептілікті, күштілікті, төзімділік пен батылдықты талап ететін ұлттық спорттың бірі – «Аударыспақ сайысы». Бұл жарыста 50 келі салмақта Абай Қазиханов жеңіске жетсе, 2-орынды Айболат Ерғалиев алды. Ал 3-орынды Қаршыға Жәңгірханов иеленді. Сондай-ақ 60 келі салмақ бойынша 1-орынды Ерлан Оңаев пен 2-орынды Құрмет Айладыров алды. 3-орын Нұрберді Айтқалиевке бұйырды. Кенжелеп қалған аңшылық өнерді дәріптемек ниетте тағы бір шара өткізілді. Ол - «Тазылар жарысы». Жарыста 10 тұрғынның 16 тазысы қоянды алу барысында жүгіртіп жүйріктігі сыналды. Нәтижесінде Нағим Ұзақбаевтың «Көкдауылы» көш бастаған, Әсет Айладыровтың «Заринасы» екінші келсе, Аман Бисалиевтің «Көктұйғыны» үштікті қорытындылады. [gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="74569,74574"] «Жеңімпаздарға арнайы дайындалған диплом мен ақшалай сыйлық, кубоктар табысталды. Сондай-ақ ұлыстың ұлы күніне орай ат жарыс, гір көтеру мен күрес сайыстарын ауыл жастарымен бірігіп ұйымдастырмақ ниеттеміз», - дейді Сам ауылының әкімі Нұрғабай Әлімбаев.
Ақкенже БЕРКЕНОВА