Ақтауда «Әжелер байқауы» өтті. Қалалық Бекет ата мешіті ұйымдастырған шарада ақ жаулықты әжелер ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрып бойынша білімдерін ортаға салып, өзара сайысқа түсті. Таныстыру, сұрақ-жауап, бата беру, жарысқазан және шебер әже атты 5 кезеңнен құралған сайысқа 10 әже қатысты. Олар мешіт жанындағы сауат ашу курсында білім алады. Солардың бірі – 80 жастағы Қамила Сымғалиева. - Мерекелік сайыс керемет өтуде. Қазақтың ұлттық салт-дәстүрі өміріміздің бір бөлшегі десем, артық айтпаған болар едім. Құда түсу, беташар, шілдехана, тұсаукесер рәсімдерін сол қалпынан айнытпай қолдану, жас ұрпаққа үйрету - біздің міндетіміз, - дейді сайысқа қатысушы Қамила Сымғалиева. Ал 66 жастағы Балым Қосаева - 12 бала тәрбиелеп өсірген батыр ана, 22 немеренің, 3 шөберенің сүйікті әжесі. Белсенді ана бүгінге дейін қызметтен қол үзбеген, спортпен айналысады. Сайыс барысында келін түсіру, беташар, сәлем ету, сыңсу айту сынды қазақтың салт-дәстүрінен көріністер көрсетті. Әжелер жастарға бата беріп, жарысқазан, сәлем ету және жеті шелпек тарату ырымдарының мәнісін түсіндірді. Сондай-ақ ұршық иіріп, өз қолынан шыққан қолөнер бұйымдарын көрсетті. [gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="74554,74553"] - Бұл - дін мен дәстүр сабақтастығын мақсат еткен алғашқы шара емес. Ақтау қалалық Бекет ата мешітінде былтыр «Ислам және отбасы жылы» аясында бірқатар танымдық шара өткізілген. Биыл да отбасы құндылығы мен салт-дәстүрді насихаттайтын басқосулар өткіземіз, - дейді Ақтау қалалық Бекет ата мешітінің ұстазы Ақмарал Қазиева. Шара соңында әжелерге сыйлықтар тапсырылып, мерекелік дастархан жайылды.