©
Ресейдің Краснояр қаласында өтіп жатқан қысқы универсиада аясында мәнерлеп сырғанаудан қыздар арасындағы сайыста қазақстандық Элизабет Тұрсынбаева күміс жүлдегер атанды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. Қысқа бағдарламадан кейін ол төртінші орында тұрған еді. Бұл бағдарлама бойынша ол 67, 57 ұпай жинаған болатын. Ол еркін бағдарламада өте жақсы деңгейде шеберлігін көрсете алды. Нәтижесінде екі жеке рекордын жаңартты. Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы еркін бағдарламада 147,20 балл алды. Қос бағдарламаның қорытындысымен ол 214,77 баллға қол жеткізді. Осылайша Элизабет қысқы универсиадада күміс жүлдегер атанды. https://youtu.be/3861UNT79MQ Чемпион атағына жапон қызы Маи Махара ие болса, ресейлік Станислава Константинова қолаға қол жеткізді. Тағы бір қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Айза Момбекова жарыс барысында 17-орынды місе тұтты. Оның еншісінде 124,41 балл бар. Элизабет енді әлем чемпионатына қатысуды жоспарлап отыр. Аталмыш жарыс 18-24 наурыз аралығында Жапонияда өткізіледі. Элизабет осы қысқы универсиадада төрттік сальховты орындауға тағы бір рет талынып көрген еді. Бірақ күрделі элемент сәтсіз шықты. Естеріңізге сала кетейік, Элизабет бұған дейін Американың Анахайм қаласында өткен мəнерлеп сырғанаудан «Төрт құрлық турнирінде» де осы элементті орындауға талпыныс жасаған еді.