Ақтау қаласы әкімдігінің екі шенеунігіне тәртіптік жаза қолданылмақ. Ақтау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Д.Бақов пен Ақтау қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Б.Балиұлына қатысты тәртіптік іс әдеп кеңесінде қаралған, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Екі лауазымды тұлғаға қатысты істерге Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының облыстық департаментінің және Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының жеке қаулысы негіз болған. Шағымданушы, қала тұрғыны А.Төлешов өз арызында Ақтау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Д.Бақовтың өз қызметтік өкілеттігін пайдаланбақ болғанын жазған. "Ол сауда саттықпен айналысуға жер орынын беру үшін «Кишлак» мейрамханасындағы түскі асының шотын төлеуді және қосымша пара сұрады" деп көрсетеді шағымданушы. "Әдеп кеңесінде Д.Бақов сыбайлас жемқорлықты болдырмау және тоқтату шараларын қабылдамай заңның бұзылуына жол бергендігі анықталды. Шенеунік заңсыз әрекетке жол бергенін, қателескенін мойындады", - деп мәлімдеді ҚР МҚІжСЖІҚ агенттігінің Маңғыстау облыстық департаментінің баспасөз қызметі. Әдеп кеңесі оған «қызметіне толық сәйкес емес» деген ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолдану туралы Ақтау қаласы әкімінің атына ұсыныс жолдады. Екінші тәртіптік іс Ақтау қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Б.Балиұлына қатысты қаралды. 2013 жылғы 22 шілдеде Жаңаөзен қалалық соты құқық қорғау органының қызметкерлері Ғ.Сабеков пен Б.Тургунбаевты ҚР ҚК-нің 308-бабы 2 бөлігімен кінәлі деп танып, әрқайсысына 566 300 теңге (350 АЕК) айыппұл салып, айыптау үкімін шығарған. Алайда Жоғары Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен бұл үкімнің күші жойылып, қылмыстық іс апелляциялық сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жолданған. "Осы қылмыстық істі қарау барысында жәбірленуші Б.Балиұлының осы оқиға болған кезде мемлекеттік қызметте болғаны, қазір де мемлекеттік қызметте лауазымды жұмыста екені, оның мемлекеттік қызмет саласындағы ҚР заңнамасының талаптарын және мемлекеттік қызметкерлерінің қызметтік әдебін өрескел бұзғаны, оған тиісті тәртіптік шаралар қолданылмағаны, сондай-ақ осы қылмыстық істі сот алқасында қарау барысында сот отырыстарына дәлелсіз себеппен бірнеше рет келмей, сотқа құрметтемеушілік танытқаны анықталып, заңға қайшы іс әрекеті жөнінде жеке қаулы шығарылып, аумақтық департаменттің назарына жолдаған", - деп мәлімдеді департаменттің баспасөз қызметі. Нәтижесінде Әдеп кеңесінің мүшелері Ақтау қаласы әкімінің атына шенеунікке «сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза қолдану жөнінде ұсыныс жолдауға шешім қабылдады.