Бұған дейін Жантөрин театры наурызда көрермендеріне жаңа екі туынды ұсынатынын жазғанбыз. Кеше соның бірі – «Атың өшсін...» спектаклінің тұсауы кесілді. Трагифарс жанрындағы қойылымға ұжым бір ай көлемінде дайындалған. Спектакль Григорий Гориннің «Геростратты ұмыту» пьесасы желісінде сахналанды. 1972 жылы жарық көрген шығарма бұған дейін әлемнің бірнеше елінде, әсіресе Ресейде көрерменге көп ұсынылған. Оқиға әрқайсысының сенімі әр бөлек 2 мың жыл бұрынғы Афина қаласындағы кезеңді суреттейді. Сол тұста қаладағы саудагер өз атын әйгілеу үшін 200 жыл бойы сәулеті өте шебер үйлестіріліп салынған, әлемнің 7 кереметінің қатарына жататын ғибадатхананы өртейді. «Біз не айтқымыз келді? Спектакльдегі кейіпкердің атын алып тастадық, қойылым барысында мүлде атамаймыз. Себебі мұндай жақсылыққа, сұлулыққа, адамгершілікке қарсы шыққан, оны құртқан адамның аты да құрысын, өшсін дедік. «Жаманнан жирен, жақсыдан үйрен» дейді қазақ. Кейіпкер арқылы адамзатқа қарсы, жағымсыз адамдар болатынын атын атамай-ақ көрсеткіміз келді», - дейді театр басшысының орынбасары, қойылымның бас кейіпкерін сомдаушы Тоқтамұрат Тілеу. Туынды көрерменге «Атың шықпаса, жер өрте» сөзінің кімдерге айтылғанын ұқтырғандай. Оны бұл сөзді тура мағынасында орындап, даңқты боламын деп айналасына зиян келтірген бас кейіпкер арқылы жеткізді. «Образды сомдау үшін өзгелердің қытығына тиетін, ашуын келтіретін, сүйкімсіз, жағымсыз мінездердің жиынтығын жасау қажет болды. Киімі де, түрі де сұрапайсыз, сырт көз жиіркене қарайтын образды келтіру керек. Режиссер жүктеген тапсырманы ойдағыдай алып шықсам, мен сомдаған жағымсыз кейіпкерді халық шынымен жек көрсе, мақсатымыз орындалды деп есептеймін», - дейді Т.Тілеу. Спектакльдің қоюшы режиссері – театрдың бас режиссері, көркемдің жетекшісі Гүлсина Мерғалиева. Қоюшы суретшісі – Талғат Мамаев, костюм суретшісі – Мира Тоқсанбаева. «Қысқартып, уақыт жағынан шақтағанымыз болмаса, түпнұсқаға аса өзгеріс жасаған жоқпыз. Тек соңында пышақпен өлтіретін тұсын мен өртпен аяқтадым», - дейді режиссер. Айта кетейік, спектакльдің келесі премьералары 15, 21 наурызға жоспарланып отыр.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттер Н.Жантөрин театрының баспасөз қызметінен алынды
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="74442,74439,74437,74436,74435,74438"]