Ақтаудағы «Мәңгілік алау» монументінің жанынан өтіп бара жатып, жазудағы әріптердің түсіп қалғанын байқадық. Бұл әріптер қалай сынып қалды және қашан қалпына келтіретінін білу үшін Ақтау қаласы әкімдігіне хабарластық. "Мәңгілік алауда" отты айналдыра "Қаза болғандардың ерлік-даңқына сай болайық", "Памяти павших в боях за родину будем достойны!" деген сөздер жазылған еді. Қазір кейбір әріптер түсіп қалған екен. [gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="74347,74350,74351,74352,74348"] ««Мәңгілік алаудың» әріптері жөндемес бұрын сынып тұрған, кім сындырғаны белгісіз. Әріптер қола металдан жасалған еді. Оны қайтадан қалпына келтіреді. Оған жөндеу жұмысы жасалып жатыр. Сәуір айында толық бітіреді», - дейді Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі. Естеріңізге сала кетейік, алау неліктен уақытша жанбай тұрғаны жөнінде қалалық тұрғын үй комуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайрат Ақыбаев түсінік берген болатын. Алау былтыр желтоқсан айында уақытша өшірілді. 2018 жылы «Мәңгілік алау» ескерткішін жөндеуге 89 млн теңге қаражат бөлініп, конкурс жарияланған болатын. Оны «МТС-Актау» ЖШС 67 млн 200 теңгеге ұтып алып, былтыр 20 млн теңгесін толығымен игерген. — Биыл наурыз айында қалалық маслихаттың сессиясы өтеді. Сол кезде мердігерге жөндеу жұмыстарының қаражатын толық аудару мәселесі қаралмақ, — деген еді қалалық тұрғын үй комуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы.
Ақкенже БЕРКЕНОВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН