«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жанындағы іскер әйелдер кеңесінің Маңғыстау филиалы республикада алдыңғы орында. Белсенді кеңес 4 жылда 5 қауымдастық құрып үлгерген. Облыста 53 мың шағын және орта кәсіп иелері болса, оның 23 мыңы іскер әйелдерге тиесілі. Бұл жөнінде бүгін ӨКҚ алаңында өткен брифингте айтылды. «Былтыр Халық банкі әйелдер кәсібіне несиеге 1 млрд теңге қаржы жұмсады. Комиссия барлық жобаларды қарап отырып, 6 жобаға келісім беріліп, несие алды. Әйелдер жаны нәзік болғанымен, айналысатын кәсіптері ауқымды әрі қиындығын байқадым», - дейді «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жанындағы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Сәуле Салихова. Облыстық кеңес құрамында 25 адам бар. 2018 жылы кеңес кәсіпкерлік қыр-сырын үйрететін бірнеше семинар өткізіп, 1200 әйелді қамтыған. «2017-2018 жылдың қорытындысында 1800 адам кәсіпкерлікке оқытылды, оның 900-і әйелдер. Соның ішінде 425 әйел Үкіметтен қаржылай қолдау тауып, кәсібін ашты. 500-ден астам жұмыс орны құрылды. Бейнеу ауданы бойынша 114 жоба болса, 60-ы әйел адамдарға тиесілі. Қарақия ауданында 62 жобаның 31-і нәзік жандылардың кәсібі. Бұған қарап қазір әйел адамдардың белсенділігін байқауға болады», - дейді «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы облыстық филиалы жобаларды қолдау бөлімінің басшысы Әлия Акинова. Мамандардың сөзінше, әйелдер бастамасымен ашылған кәсіп көбіне ауыл шаруашылығы салалары, тігін цехы, шеберханалар, кондитерлік өнімдер шығару, автокөлік қызметтері секілді кәсіп түрлері. «Маңғыстау қолөнер шеберлері одағының» құрылғанына 2 жыл ғана болды. Қазір одағымызда он шақты шеберіміз бар. Ең жас шеберіміз – 20 жаста болса, үлкеніміз 60 жасқа таяған. Енді біз Ақтау қаласында қолөнер шеберлерінің орталығын ашуды жоспарлап отырмыз. Соған дайындық жүріп жатыр», - дейді "Маңғыстау қолөнер шеберлері Одағы" қауымдастығының тең құрылтайшысы Демеубаева Рысгүл. Қазір «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы барлық кәсіпкерлер арасында анкета жүргізіп жатқандығын айтты. Ол арқылы олардың кем-кетігін толтырып, одан әрі дамуына жағдай жасау. Бүгінде 6000-нан астам анкета жиналған.