©
Жаңаөзенде алаяқ өзінің танысының банкомат картасын сұрап алып, ғаламтор арқылы иесінің келісімінсіз несие рәсімдеген. Бұл алаяққа қатысты іс Жаңаөзен қалалық сотында қаралған,- деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. "Сотта анықталғандай, Д. қасақана әрі пайдақорлық ниетпен, бөтеннің мүлкін жымқыру немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену мақсатында С-ның сеніміне кіріп алған. Ол өзінің танысынан «Халық банк» банкомат картасын, 20 санды есепшот номерін және құпия сөзін өзінен сұрап алған. Сөйтіп ол несие алуға керекті мәліметтерді анықтаған", - дейді Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметі. Одан әрі танысының атынан ғаламтор желісі арқылы 150 000 теңге несие рәсімдеген екен. Ол ақшаның аталған банкомат картасына түскенін біліп, заңсыз иемденіп алған. Жаңаөзен қалалық сотының үкімімен Д. ҚР Қылмыстық Кодексінің 190 бабының 1 бөлігімен кінәлі деп танылды. Оған 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.Ақкенже БЕРКЕНОВА
Көрнекі сурет сайт архивінен