Әлеуметтік желіде "қала сыртындағы жылы жағажай маңы қоршалды" деген ақпарат тарап кетті. Халық теңізге түсіп, жағажайда демалатын жер тарылып кетпей ме деген алаңдаушылық білдірген екен. Өйткені қаланың 4 шағынаудан тұсы мен «Шора» су арнасы, «Каспиан Ривьера» қонақ үйіне қарама-қарсы жағалауы да қауіпті аймақ болып бекітіліп, ол жерде суға түсуге тыйым салынған. Яғни халықтың суға түсетін жерінің барлығы қаладан тыс аумақта. Алайда ақпар әлеуметтік желіге таралмас бұрын қала әкімінің тапсырмасымен бұл қоршауға мониторинг жүргізілген. Белгілі болғандай, 2012 жылдың 8 тамыз күні №690 қаулысымен А. Аязбаевқа жер телімін жалдау құқығы берілген екен. Ол көлемі 1,6 гектар болатын жерге мейрамхана, қонақ үй, көңіл көтеру орталығы, спорт және сауықтыру кешенін салуға ниет білдірген. «Бірақ А.Аязбаев бір бөлігіне жылжымайтын объектінің құрылысын салып, қалған бөлігін былтыр «Tree of life» ЖШС директорына жалдау құқығын сатып, келісімшарт жасаған. Қазір «Tree of life» ЖШС жер теліміне құрылыс жұмыстарын жасау үшін заңсыз қоршағаны анықталды», - дейді Ақтау қаласының әкімдігінің баспасөз қызметкері. Бұл мәселені заң талаптарына сәйкес шара қолдану мақсатында Ақтау қалалық сәулет және құрылыс бөлімі Маңғыстау облысы мемлекеттік сәулет құрылыс бақылау басқармасына хат жолданған. Енді қандай шара қолданатынын облыстық басқарма шешетін болады.
Сурет Ақтау қаласының әкімдігінен алынды