Бүгін Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов шахматтан бес дүркін әлем чемпионы, ФИДЕ шебері Бибісара Асаубаевамен кездесті. Кездесу барысында жас шахматшы Бибісара Асаубаева Ақтау қаласында тұрақты тұруға ниет білдірді. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Жас спортшы соңғы екі жылда Ресейдегі Мәскеу Шахмат федерациясының атынан қатысып жүрген болатын. Сондай-ақ ол жақында АҚШ-тағы шахмат клубынан ұсыныс түскенін айтты. Алайда ол өзінің Қазақстанға оралғанын жариялады. Бүгін ол жарыстарға Маңғыстаудың атынан шығуға ниет білдіріп отырғанын айтты. «Қасиетті Маңғыстауға қош келдіңіздер. Киелі мекенге шақыртуымды қабыл алып, өңір спортының дамуына үлес қосатыныңызға ризамын. Бұйырса облыста Бибісараның атынан шаxмат мектебін ашып, осы спорттың аймақта өркендеуіне күш саламыз. Каспий жағалауы елдерінің шахматтан халықаралық турнирі өткізуге әзірміз. Қадамыңа сәттілік!» - деді кездесу барысында Ералы Тоғжанов. «Біз осыған дейін Ресейде біраз жетістікке жеттік. Бибісара ол жақта мықты мектептен өтті. Ресейден елге оралуды жоспарлағалы біраз болды. Былтыр Маңғыстауға жарысқа келген кезде облыс әкімі ұсыныс жасады. Ойланып, осындай шешімге келдік. Енді Бибісараның Қазақстан намысын қорғайтынына қуаныштымын. Бүгінгі алғыс айту күні алдымен Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа, қашанда бізге қолдап, тілекші болған халқымызға ерекше алғысымды айтамын», - деді Бибісара Асаубаеваның анасы Лияна Таңжарықова. 2018 жылдың күзінде Бибісара Асаубаева жылдам шахмат бойынша халықаралық шахмат турниріне және Ақтаудағы шахмат ашық чемпионатқа қатысып, үздіктердің қатарынан көрінді. Ақтауда өткен жарыста Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановтың жеке қабылдап, алдағы уақытта ел намысын қорғауға шақырған болатын. Жас спортшының сөзінше, анасы екеуі бұл ұсынысты қабыл алып, елге оралды. Наурызда Астанада Әлемдік командалық шахматтан әлем чемпионаты өтеді, оған әлемнің 14 елінен ең күшті командалар қатысады. Мамандардың айтуынша мұндай дәрежедегі іс-шара Қазақстанда тұңғыш рет өткізілмек. Әр елден ең мықты төрт ойыншыдан болады. Маңғыстаудың өкілі ретінде Қазақстан құрамасының тізімінде Бибісара Асаубаева бар.