Редакциямызға 43 жастағы оқырманымыз хабарласып, бала асырап алу жөнінде ақпарат сұраған болатын. 22 жастағы ұлынан қапыда айырылған ана тағы да сәби құшпақ ниетте екен. Жан жылуын ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бүлдіршінге беруді ойлапты. Дегенмен «Асырап алу үшін қайда бару керек? Қандай құжат жинақтау керек? Қандай талаптар қойылады?» деген сан алуан сұрақтың жауабынан бейхабар. Оның үстіне асырап алушылардың жас мөлшеріне шектеу қойылса, қайтпек керек деп, бізге арызын айтқан еді. Оған және онымен тағдырлас өзге де оқырмандарымызға қажетті ақпарат беру мақсатында құзырлы орындарға хабарластық. Бала асырап алу төңірегіндегі сұрақтарымызға Маңғыстау облыстық білім басқармасының арнайы білім беру және балалардың құқықтарын қорғау бөлімінің бас маманы Орынбас Самал Мәлікқызы жауап берді. Мақаладан оқырман қажетті ақпарын алады деген сенімдеміз.
Бала асырап алу үшін үміткер кімге хабарласу, қайда бару керек?
Тұрғылықты жеріндегі (қала, аудан) білім бөлімінің қорғаншы және қамқоршылық органына барып кеңес алу керек. Сондағы мамандар барлығын түсіндіреді.
Қандай құжаттар керек?
-Асырап алуға ниетті ата-ана жазбаша өтініш беріп, үміткер ретінде тіркеледі;
-Тұрғын үй, тұрмыстық жағдайларына тексеру жүргізу туралы өтініш жазады. Содан соң мамандар үйіне барып, жағдайымен танысады да арнайы акт толтырады;
-Жеке куәлігі, неке қию туралы куәлігі;
-Психоневрологиялық диспансерде тіркеуде тұрмағаны жөнінде анықтама;
-Жақын туыстарының бала асырап алуға жазбаша келісімі (2-3 жақын адамы үміткердің жаман әдеттерден аулақ, бұрын сотталмағандығы, тұрақты жұмысы бар екендігі т.б. жөнінде мінездеме береді);
-Айлық табысы, медициналық, сотталмағаны жөніндегі, меншік құқығын растайтын (меншігіндегі үйдің құжаты) анықтама. Бұлар баланы асырап алғаннан кейін бағып-қағуға шамасы бар ма, жоқ па, соны білу мақсатында сұралады;
Барлық құжаттар тапсырылған соң орган бала асырап алуға үміткер болу құқығын, құжаттардың толықтығын және ҚР қолданыстағы заңнамасының талаптарына сәйкестігін тексереді.
Өтініш қанша уақытта қаралады?
«Өтініш түскеннен кейін күнтізбелік 10 күн ішінде орган үй жағдайын тексеріп, қарауды жүргізеді. Ата-анада баланың тәрбиесіне, сабақ оқуына, білім алуына, еркін өсіп-жетілуіне ешқандай кедергі келтірмейтіндей жағдай болуы керек. Оның нәтижелері бойынша қорғаншы және қамқоршылық органы қызметкерлері акт әзірлеп, азаматтардың бала асырап алуға үміткер болу мүмкіндігі немесе мүмкін еместігі жөнінде қорытынды жасайды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес болған жағдайда орган өтініш түскен 15 күн ішінде есепке алу журналына жазба енгізу арқылы үміткер ретінде тіркейді. 2016 жылдан Республикалық деректер базасы жұмыс істей бастады. Құжаттардың мерзімі өтпегеніне назар аудару керек. Егер құжаттар сәйкес келмесе, қайтарылып, үміткер ретінде тіркеуден бас тартылады», - дейді Самал Мәлікқызы. Тіркелген соң базаға қалай кіру, қолдану керектігін маман айтып түсіндіреді. Сондай-ақ Ақтау қаласында орналасқан «Жанұя» қоғамдық қорының «Бала асырап алуға қолдау көрсету» орталығы бала асырап алуға тілек білдірген азаматтарға деректер базасын қалай қолдану қажет екенін түсіндірумен қатар, психологиялық, моральдық қолдау көрсетеді. Жеке мәліметтер құпия сақталады, оны өзінен басқа ешкім көрмейді. Ата-аналар кез келген уақытта базаға кіріп, бүкіл Қазақстан аумағындағы базада тұрған баланы таңдауға құқылы болады. Маңғыстау облыстық білім басқармасының арнайы білім беру және балалардың құқықтарын қорғау бөлімінің бас маманы Орынбас Самал «3 жасқа дейінгі балалар Сәбилер үйінде, 3-18 жас аралығындағылар облыстық балалар ауылында болады. Мысалы, бір баланы таңдады делік. Ата-аналар хабарласып, бала туралы мәліметтерді сұрап, оның бос не бос еместігін біледі. Артынша кездесу ұйымдастыра алады. Себебі таңдау тетігін сол сәтте бірнеше ата-ана басқан болуы мүмкін. Ең бірінші таңдағаны ала алады. Ол бас тартқан жағдайда ғана келесіге тиесілі болады. Егер ол бала бос болса, ұнаса, құжаттары сәйкес келсе, асырап алу процестері басталады. Азаматтар баланы алмастан бұрын онымен кездесіп, сөйлесуге және сенімді болуы үшін өз қаржысына денсаулығын медициналық сараптамадан өткізуге құқылы». Мамандар жоғарыдағы базаға тіркелгендер ғана асырап алу мүмкіндігіне ие болатынын айтады.
Туысынан бала асырап алуға бола ма?
Туысының баласын бауырына басқандар соттың бала асырап алу туралы шешіміне жүгінеді. «Туысының баласын сотқа шағымдану арқылы екі тараптың келісімімен асырап алады. Ол балалар базаға енгізілмейді. Себебі олардың ата-анасы бас тартқан жоқ, жетім балаға жатпайды», - дейді Самал Мәлікқызы. Асырап алу көрсеткіші Ақтау, Жаңаөзен және Мұнайлы ауданында жоғары. «Балалар үйіндегі барлық баланы асырап алуға болады» деген түсінік қалыптаспағаны жөн. Өйткені баланың әке-шешесі болмағанымен жақын туыстары болуы мүмкін. Мұндай жағдайда үміткерлер баланы тек уақытша қамқорлығына ала алады. Баланың жақын туыстары өз тәрбиесіне алудан бас тартқан жағдайдан ғана баланы асырап ала алады.
Асырап алушының жасына шектеу қойыла ма?
«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы» Кодексінің 92-бабының 2-тармағында (2016 жылдың 9 сәуірінде енгізілген) қырық бес жастан аспауы тиіс деген сөз алынып тастаған. Яғни дәл қазір бала асырап алушылардың жасына шектеу жоқ.
Кімдер бала ала алмайды?
-Кәмелет жасына толмағандар;
-Әрекет қабілеттілігі шектеулі жандар (мүмкіндігі шектеулі жандар);
-Бастапқы кезде соттың шешімімен ата-аналық құқығынан айырылғандар;
-Тұрғылықты жері жоқ азаматтар;
-Дәстүрлі емес жыныстық бағдарды ұстанушылар (бір жынысты неке);
-ҚР азаматтығы жоқ тұлғалар (азаматтығы болуы шарт);
-Табысы күн көріс мөлшерінің ең төмен деңгейіне жетпейтін азаматтар;
-Психоневрологиялық, наркологиялық диспансерде есепте тұрғандар;
-Қасақана қылмыс жасағаны үшін жойылмаған немесе алынбаған сотталғандығы бар адамдар;
-Бiр-бiрiмен некеде тұрмайтын (ерлі-зайыпты болмаған) адамдар баланы бiрлесiп асырап ала алмайды.
Асырап алынған бала қандай жағдайда кері қайтарылады?
«Неке және отбасы» кодексінің 106-бабына сәйкес: - асырап алушы өз міндеттерінен жалтарған жағдайда; - ата-ана құқығын теріс пайдаланғанда; - қатыгездік көрсеткенде; - күш қолданған немесе психикалық зорлық жасаған; - жыныстық тиіспеушілігіне қастандық жасаған; - маскүнемдікпен, нашақорлықпен және (немесе) уытқұмарлықпен ауырады деп танылған; - бала құқығын бұзған тұлғаларға бала асырап алу күші жойылады. «Егер асырап алған ата-ана өзі баладан бас тартқан болса, сот арқылы олардың құқығы шектелуі немесе құқығынан мүлде айырылуы мүмкін. Себебі ол баласы есепті, өз баласын тастап кеткендер де жауапқа тартылады ғой. Мысалы, біздің тәжірибемізде маскүнемдікке салынған ата-ана кездесті. Балаға мүлде қарамаған, бала мектепке бармаған, денсаулығын күтпеген. Мұндайда тексеріс жүргізіліп, айғақтар расталса, орган қызметкерлері баланы кері алып кетеді. Сот ата-ананың құқығынан шектеуі мүмкін. Ол мерзім аяқталып, ата-анасы жөнге келген болса, баланы қайтарып ала алады. Ал егер ешқандай өзгеріс болмаса, әрі қарай сот шешеді», - дейді Самал Мәлікқызы.
Асырап алған соң бала өз ойынан айнып қалса...
«Бізде осыған ұқсас жағдай болды. 10 жастан асқан бала асырап алған ата-анасымен тұрғысы келмеді. Сөйтіп бұрын өзі тұрған балалар ауылына өтініш білдіріп, қайтып келді. Ондай жағдайлар кездеседі. Оған жаңа айтып кеткендей, түрлі себептер ықпал етеді», - дейді Самал Орынбас.
Некеге тұрмаған немесе ажырасқан азаматтар бала асырап ала ала ма?
"Жалғыз басты анаға бала асырап алуға жол беріледі. Ал некеде тұрмаған ер адам асырап ала алмайды". Мамандар асырап алуға көбіне дені сау, 0-6 жас аралығындағы балаларға сұраныс жоғары екендігін айтады. «Бүгінде Маңғыстау облысында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 558 бала базаға енгізілген.Онда бала жайлы барлық ақпарат көрсетілген. Туған жылы, суреті, қамқоршысы мен қорғаншысы кім, қазір қайда жатыр, барлығы жазылған. Ол құпия сақталады, сондықтан оны құзырлы органдарда айналысатын мамандар мен тіркелген үміткерлер ғана көре алады». Бала асырап алу үшін үміткерлер тұрғылықты мекен-жайы бойынша жергілікті атқарушы органдарының қорғаншы немесе қамқоршылық функцияларын жүзеге асыратын органға төмендегідей телефондар арқылы хабарласуға болады.
Ақтау қалалық білім бөлімі 8(7292) 33-65-58, 33-65-59
Жаңаөзен қалалық білім бөлімі 8(872934) 47-8-48
Мұнайлы аудандық білім бөлімі 8(7292) 34-98-05
Түпқараған аудандық білім бөлімі 8(72938) 2-21-18
Қарақия аудандық білім бөлімі 8(72937) 5-26-42
Бейнеу аудандық білім бөлімі 8(72932) 2-10-29
Маңғыстау аудандық білім бөлімі 8(72931) 2-19-70
Облыстық отбасы үлгісіндегі балалар ауылы – 43-84-05, 43-88-86
Балалар үйі 31-16-22, 42-73-36
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА