Маңғыстаулықтардың мемлекеттік қызметке деген қызығушылығы артып, тест тапсырғандардың саны 54% -ға өскен. 2017 жылы - 3544 үміткер болса, былтыр - 5462 адам тест тапсырған. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы Нұргүл Жанназарова Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Мемлекеттік қызметкерлердің айлығының жоғарылауы олардың жұмысқа деген ынтасын күшейтеді. Оларға жалақаны факторлық балдық шкала негізінде және мемлекеттік қызметшілердің нақты жасаған жұмыстарының нәтижесіне қарай беріледі. 2017 жылы ФБШ енгізілгенше мемқызметке жеке сектордан 10 маман ауысып келген, ал 2018 жылдың нәтижесі бойынша бұл көрсеткіш 7 есеге көбейген. Яғни 72 адам мемлекеттік қызметке жұмысқа тұрған. Сонымен қатар Маңғыстау облысы әкімдігінде бос орындардың саны едәуір азайып отыр. 2017 жылы бос орындар 11,8 % болса, ал биыл 4,4 %. «Бұрын мемлекеттік қызметші жұмысының ауырлығына байланысты немесе отбасын асырауға мүмкіндігі болмай жалақысы аз деп қызметтен өз еркімен кетуі көп болған екен. Бұл мәселе басқа облыстарда әлі де кездеседі», - дейді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы. Н. Жаназарованың айтуынша, Маңғыстау облысында факторлық балдық шкала енгізілгеннен кейін мұндай жағдай азайған. Мәселен, ФБШ енгізілмес бұрын 2017 жылы 101 адам, ал былтыр 49 қызметкер жұмысынан шыққан. Сондай-ақ 2017 жылы Маңғыстауда «Болашақ» бағдарламасымен бітірген 1 ғана адам мемқызметкер болып жұмыс жасаған, ал былтыр Маңғыстау облысындағы мемлекеттік қызметке «Болашақ» бағдарламасымен бітірген 5 түлек жұмысқа орналасқан екен. «Маңғыстауда мемлекеттік қызметке жаңадан келген жас мамандардың өз еркімен жұмыстан шығып кетуі 2 есеге азайды. 2017 жылы 18 адам, ал 2018 жылы 8 маман ғана босатылған екен. Бұл көрсеткіш өңірде мемлекеттік қызметтің беделінің артқандығын көрсетеді», - дейді Н. Жаназарова. Айта кетелік, 2019 жылдың 1 қаңтарда Маңғыстауда 3093 мемлекеттік қызметші бар. Олардың ішінде 7-еуі саяси, тағы да 7-еуі «А» корпусының қызметшілері. Сондай-ақ «Б» корпусында 3079 адам жұмыс жасайды. Ал енді мемлекеттік қызметшілердің гендірлік құрамына келсек, республика бойынша 55,4 %-ы әйелдер жұмыс жасаса, Маңғыстауда 58%. Ал жергілікті атқарушы органдарда қызмет ететіндердің 56 %-ы әйелдер.