Маңғыстаулық боксшылар Шымкент қаласында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатынан 1 күміс, 1 қола жүлдемен оралды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Чемпионат 17-23 ақпан аралығында өтті. Еліміздің барлық өңірінен 198 спортшы қатысты. 75 келіде сынға түскен маңғыстаулық Жеңіс Нұрас күміс медальді иеленсе, 46 келі салмақта Жарас Томшабаев қола медальді алды. «Чемпионат 2001-2002 жылдары туған жастар арасында өтті. Барлық команда жақсы дайындалған. Жарысқа Жарас Калимов екеуміз бапкер болып барғанбыз. Спортшыларымыздың тәжірибелері мен физикалық дайындықтарын арттыруымыз керек. Халықаралық турнирге де қатыстыруымыз қажет», - дейді Маңғыстау облысының «Досан батыр» бокс кешенінің жаттықтырушысы Дмитрий Середов. «Турнир тартысты өтті. Рингке 4 рет шыққанмын. Оңайға соққан жоқ. Былтыр Ақтөбеде өткен республикалық чемпионаттан 1-ші орын иеленген едім. Алда болатын жарыстар өте көп. Дайындығымды күшейтпекпін», - дейді Жеңіс Нұрас. Шымкент қаласында өткен ел чемпионатында Маңғыстау облысының намысын 10 спортшы қорғады. Бір аптаға созылған былғары қолғап шеберлерінің сайысында 19 командадан Маңғыстау облысы 11-ші орынға тұрақтады.
Ақкенже БЕРКЕНОВА Суретті боксшы Жеңіс Нұрас ұсынды