Бүгін Астана уақытымен сағат 11:00-де «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезі басталады. Бұл съезд «Нұр Отан» партиясының 20 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Бұл жиында партияның 2030 жылға дейінгі жаңа бағдарламасын талқылау, партия Жарғысына өзгертулер мен толықтырулар енгізу, партиялық органдардың есебін тыңдау және партия Саяси кеңесінің құрамын жаңарту жоспарланған. Партия төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев әлеуметтік желіде бұл съездің алдағы жылдардағы мақсат-міндеттерді анықтайтынын жазды. Съезге Партияның төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысады деп күтілуде. Айта кетелік, Президент 2019 жылдың 21 ақпандағы мәлімдемесінде «Нұр Отан» партиясының съезінде әлеуметтік қолдауды күшейтуге және азаматтардың тұрмыс сапасын арттыруға арналған бірқатар шаралар ұсынатынын айтты. "Бұған бюджеттен және Ұлттық қордан қомақты қаржы бөлінетін болады. Бұл қаражат мынадай міндеттерді шешуге бағытталады: 1. Аз қамтылған азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету ісін күшейту. 2. Халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтарының баспана жағдайын жақсарту мүмкіндіктерін арттыру. 3. Өңірлерді дамыту саясатын түбегейлі өзгерту. Үкімет пен барлық деңгейдегі әкімдердің жұмысы осы міндеттерді жүзеге асыруға бағытталуы тиіс", - деген еді ҚР Президенті Н.Назарбаев.