Маңғыстаулық суретші әрі дзюдо күресінен спорт шебері Аймұрат Таңатовтан сайтымыздың оқырмандары үшін сұхбат алғанбыз. Өнер мен спортты қалай қатар алып жүргенін айтып, жас суретшілерге өзінің кеңесімен бөлісті. [gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="73681,73659,73674,73676,73686"] - Саламатсыз ба! Отбасыңыз жайында айтсаңыз, суретшілікке қалай келдіңіз? - Мен Ақтау қаласында туып-өстім. №21 мектепте оқыдым. 9 сыныпты бітірген соң Маңғыстау өнер колледжіне түсіп, сәтті тәмәмдадым. Оқушы кезімде үйірмеге баратынмын. Марқұм Фарида апай менің суретке икемім бар екенін байқап, осы салаға бағыттады. Бала кезімнен суретке құштар болдым. Отбасым жайында әңгіме өрбітсем. Ата-анам, інім, қарындасым, ұлым мен қызым бар. Қарындасым домбыра тартады. Өнер – қанымызда бар дүние. - Сонда неше жасыңыздан бастап сурет салдыңыз? - Ес білгелі сурет салып келемін. Бірақ колледжді тастап, басқа салаға ауысып кеткім келген кезім болған. - Қызық. Не үшін ондай ой келді? - Көпшілік не қыласың суреттті, отбасыңды баға алмайсың деуші еді. Суретші десе ақша жетпей жүретін адамды елестетеді. Менің ойымша, шығармашылықпен айналысатын адам молшылықта өмір сүру керек. Маңғыстауда бұл өнер даму қажет. Шынайы жүрекпен салынған сурет, халық ықыласынан шығады. - Бұл өнер сізге кімнен дарыды? - Тұқымымызда бар. Әкемнің ағасы – суретші. Ол кісі қазір Алматыда. - Жас суретші мектепте қалай оқыды? - Мектепті жақсы оқыдым. 9 сыныпқа дейін «3-тік» болмады. Колледжді де нашар оқымадым. https://youtu.be/Dfz59qP9LcE - Сіз кезінде дзюдомен айналысқансыз. Мүлдем бөлек салаларды қалай игеріп жүрсіз? Екеуін қалайша байланыстырдыңыз? - Адамның өзіне байланысты шығар. 7 сыныпта достарымның бәрі спортпен айналысатын. Дзюдо үйірмесіне барғаным солардың да ықпалы болар. Атам күресті ұнататын еді. Дзюдо спортының шеберімін. Кезінде бапкер болдым. Маған кішкентай балалармен жұмыс жасау ұнайтын. Бірақ екі саланың біреуін таңдау керек болды. Мен өнерді таңдадым. - Дзюдодан қол үзсеңіз де спортты тастамайсыз. Қазір екі саланы қалай қатар алып жүрсіз? - Спорт - менің хоббиім. Мәселен, таңертеңнен бастап түске дейін спортзалға барып достарыммен шынығамын. Олар әр түрлі салада жұмыс жасаса да, бас қосатын жеріміз – спортзал. Ал суретке қашан уақыт бөлесіз? - Түстен кейін сурет саламын. Жалпы суретшілер таңертең ұйқыдан тұрып сурет сала бермейді. Өйткені шабыт келмейді. 6-8 сағат галереяда жүремін. Мейлі, сол күні шабыт келмей сурет салмасам да басқа шаруаларды атқарамын. - Күніңізге жоспар құрасыз ба? - Жоқ. Мен жоспарсыз жүремін. Еркіндікті жақсы көремін. Жұмсағанды ұната бермеймін (күліп). - Сурет және спорттан басқа нені ұнатасыз? - Театр қойылымдарын тамашалағынды, музей аралағанды ұнатамын. [gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="73684,73685"] - Суретшінің қолы нәзік болуы шарт па? Сурет сапалы шығу үшін қолына зақым келтірмеуге тырысу қажет пе? - Жоқ (күліп). Әрине, оған қарамайды. Кейбірі сол қолымен де салады. Тіпті қарындашты әр түрлі ұстайды ғой. Соған қарағанда суретті ыңғайы келгенше сала бермек. Өнерде шек жоқ. https://youtu.be/MkMQ_b6Q6fg - Сіздің көңіліңізден шығатын маңғыстаулық суретшілерді атасаңыз. - Талғат Мамаев. Ол Н. Жантөрин атындағы музыкалық драма театрында бас суретші болып жұмыс жасайды. Сондай-ақ Жыңғылды ауылында Мейіржан деген суретші бар әрі футболдан спортшыларды жаттықтырады. Тұщыбек ауылында құсбегілікпен айналысса да суретті жақсы салатын Ертіс Есжановты айта аламын. Айта берсем көңілімнен шығатын Маңғыстау өнер колледжінде талантты суретшілер көп. Сонымен қатар Жансая Киікбайдың туындысы маған ұнайды. Өзі Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында грантта оқыған. Бұл көптің қолынан келе бермейді. Оның болашағынан үміт күтемін. - Сіз фейсбук парақшаңызда жаңа жылда Аяз атадан 2019 жылы Маңғыстау суретшілеріне байқау, симпозиум, көрмелер, шеберлік сағаттар және басқа да шараларды өткізуге қаражат жіберуін сұраған екенсіз. "Суретшілер қалып қойды, осы жылы дым жоқ, мәдениет басқармасында бізге көмектесетін мүмкіндік жоқ, суретшілерді ойлайтын адам жоқ. Келе жатқан жылды шошқа емес, суретшілер жылы қылсаң қайтеді!?" депсіз. Суретшілерге, соның ішінде маңғыстаулық суретшілерге не керек? - Маңғыстаудың суретшілерін қолдау керек. Көбі өзіме қажет дүниені жазды деп ойлайды екен. Мен өзіме көмек сұрамаймын. Мәселен, спорттан бізде үлкен нәтижелер бар. Не себепті деп ойлайсыз? Өйткені Маңғыстауда спорттан өтетін жарыс көп. Спорт басқармасындағылар мүгедектерге арнап турнирлер ұйымдастырады. Шахматтан да, жүзуден де сайыстар өткізіліп жатыр. Ал Мәдениет басқармасы неге соны жасамайды? Неге суретшілер мен фотографтардың жұмыстарын қарамайды? Суретшілерге кем дегенде жылына 2 рет өтіп тұратын көрме болса екен. Ақындардың мүшәйрасы, айтыс та болады. Неге суретшілер қалыс қалмақ? Менің айтып отырғаным жай ғана көрме емес, оны дамыту керек. Мысалы, жаңа суретші Жансаяны айттым. Соған қандай көмек керек екенін сұраса, шетелдегі конкурстарға жіберсе, оның жұмыстарын көрмеге қойып халыққа көрсетсе екен. Көрме ұйымдастыру үшін атүсті қарамау қажет. Өкінішке орай, бізде әлі дамымаған. Әбіш Кекілбаев, Светқали Нұржановтың шығармашылығына арнап жас суретшілерге конкурс ұйымдастырса, олар сонда ғана дамиды. Оған көп қаражат кетпейді. - Сонда шын мықтының тасада қалғанын қаламайсыз ба? - Жоқ. Мәселе мәдениетімізді өсіру. Сол конкурсқа қатысқан барлық жас суретшіні жігерлендіріп, ынталандыру керек. Бөліп жармай тепе-тең етіп сыйлықтарды немесе номинацияларды ұсынған дұрыс. Сонда ғана олардың ынтасы артпақ. Мына жерде шатастырып алмаған жөн. Бұл маған емес, жас суретшілерге қажет. Суретшілердің деңгейінің өскені бізге жақсы. Суреттерін дәлізде емес, арнайы шараларда ілу керек. Еңбектері аяқ асты болғанын қаламаймын. - Ендеше сіздің ойыңыздағы деңгейге біз қашан жетпекпіз? - 21 ғасырда өмір сүріп жатсақ та, әлі 5 жыл керек шығар. Дегенмен сурет өнеріне жанашырлық танытатындар болса, қараусыз қалмас. https://youtu.be/uX84GAdL0pE - Түсінікті. Ал жас суретшілерге қандай кеңес берер едіңіз? - Егер ынтасы болса ол міндетті түрде суретшілікпен айналысады. Әлемдік деңгейдегі суретшілермен араласу арқылы біздің ой өрісіміз кеңейеді. Тыным таппай еңбек етсе, үйренеді. Біз жазда таудың етегіне барып күннің атысы мен батысын өз көзімізбен көріп сурет саламыз. Суретші табиғатқа жақын болу керек. Бірақ ұлым мен қызымның суретші болғанын қаламас едім. - Неге? - Себебі өспейді. Еңбегі бағаланбайды. Суретшілік оңай жол емес. Оны бәрі біледі ғой. Өнер жолы – ауыр жол. - Ал шынымен де суретші боламын деп ұйғарса ше? - Қалауын тапса қар жанар. Онда тұсау болмаймын. Еңбек етсе ғана таңдаған саласының шебері атанбақ. https://youtu.be/QzDa86P27WU - Бояудың қыр-сырын білмейтіндерге жақсы немесе нашар салынған суретті қалай айыруға болады? Ал сіз қалай анықтайсыз? - Ол - әр адамның өз таңдауы. Суреттер толы көрмеде бәрін қарап шығып, ішінен бір картинаға тоқталады. Оны сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Картина мен адамның арасында байланыс орнайды деп ойлаймын. Картина – ол еңбек, өнер. Оны нашар немесе жақсы деп бөлуге құқымыз жоқ. Оны халық бағалайды. - 2007 жылы «Дағдарыс» деген тақырыппен картина салған едіңіз. Бұл картинаның ерекшелігі - баланы бейнелеп, тиындарды жабыстырып салғансыз. Сол жайында айтсаңыз. Неліктен бұндай атау қойдыңыз? - Орынды сұрақ (жымиып). Бұл жерде қаржылай дағдарысты меңзеген жоқпын. Бесіктен белі шықпай жатып ақшақұмар болатындарды көріп сондай ой туды. Суретте кішкентай бала тиындардың ортасында тұруымен ойымды жеткізгім келді. Қазір оңай ақшаны тапқысы келетіндер көбейді. - Қазір бұл картина қайда? - 2007 жылы сол кездегі курс бағасымен 400-500 долларға сатылды. - Ең қымбатқа сатылған картинаңыз болды ма? - Әрине, әр суретші өзінің картинасының қымбатқа сатылғанын қалайды. Бірақ қатып қалған қағида жоқ. Кейде шын ниетімен келіп бар ақшасын ұсынса, ұнатқан картинасын беремін. Шынайы көңілмен келетін адамдарды ұнатамын. - Әр сала маманының қалай табыс табатыны мәлім. Ал суретшілер қалай күн көреді? Олар қалай табыс табады? - Галереяда сатылатын картиналардың қосымша бағасын қойып сатады. Біздің суреттерімізді халық келіп тамашалап, ұнатып алады. Конаққа барғанда сыйлық тарту ету үшін немесе жай ғана үйіне іліп қойғысы келіп суретті сатып алады. - Сіздің картиналарыңызды көбінесе мекемелер ала ма әлде үйде іліп қою үшін сатып ала ма? - Қарапайым халық та, кей-кезде мекемелер де сатып алады. Қазір картинаға тапсырыс жақсы. Халықтың көзқарасы ашық. Қызық жағдай болды. «Қобыланды» деген картина ілулі тұрған. Славакиядан шетелдік келіп, сол суретті сатып алған. Мойындаймын, қымбатқа алды. Мен қызығушылық танытып «сіз неге дәл осы картинаны алып жатырсыз?» деп сұрағанмын. Ол маған «үйімдегі балаларым осындай батырларға қарап өскенін қалаймын. Өзіне қаһарманды ютуб желісінен іздегенше суреттен көрсін» деген. Мен қуанып әрі қынжылып қалдым. https://youtu.be/4EmfHXTc2wc - Неліктен? - Кейбір қазақтар шетелге қатты қызығатыны соншалық «хай-тек», «ноу хау» сөздерін айтып, Еуропаның дүниелеріне құмартады. Әрине, олардың таңдауы. Менің пікірім, әрбір қазақтың үйінде Батырлардың, Жайлау мен Көштің, Алтыбақан, Қыз қуу, Атжарыс сияқты ұлттық нақыштағы суреттер ілініп тұру керек. Басқа елге еліктемей, өз ұлттық құндылығымызды көтеру қажет. Тіпті картиналармен туризмді дамытуға болады. Адамдар Айрақты, Бозжыра, Шерқала тауларының суреттегі бейнесін өз көзімен көргісі келер. https://youtu.be/L5Qmt7XAnhQ - Галереяда картинаның бағасы қанша? - Бізде 50 мыңнан жоғары тұрады. Миллионға дейін барады. [gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="73663,73668,73666,73667,73676,73662"] - Көбінесе қандай тақырыпта сурет саласыз? - Суреттерімде қазақилық болғанын қалаймын. «Көш», «Сегіз арыс» тақырыбында салған суретім бар. Мен қанық әрі ашық түстерді жақсы көремін. Біздің галереяда суреттер жаңартылып тұрады. Күнде жаңа туынды салып тұрамыз. Әр суретшінің өзінің ұнататын тақырыптары болады. Тынышбек Балтабаев қала, теңіз көріністерін салады. Барлығын сала алады, алайда оның жанына сол жақын. Ал мен табиғатты бейнелегенді жаным қалайды. - Мерейтойға портрет салдыруға тапсырыс қабылдайсыз ба? - Портретті бұрын салған едім, қазір салмаймын. Галереямызда тапсырыспен портрет салатын суретшілер бар. - Құпия болмаса, портрет салудың бағасы қанша? - 100 мың теңге. - Жалпы картинаның тақырыбын қалай қоясыз? - Өз ойымнан туады. Ақын секілді, кейде өміріңде қандай құбылыс болса соны бейнелейсің. - Сіздің үлгі тұтар суретшіңіз кім? - Мен Пикассо, Далиді емес, қазақ суретшілерінің бәрін үлгі тұтамын. Атап айтсам, Әбілхан Қастеев, Орал Тансықбаев, Жаңатай Шарденов, Салихитдин Айтбаев, Қанапия Телжанов, Жұмақын Қайранбаев. Бастысы суретшілер мен халық байланыста болу керек. Қазақ қазақты қолдап, ұлтының суретшілерін сүю керек. Неге қазақтың үйінде қазақ суретшілерін туындысы тұрмасқа? [gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="73660,73669"] - Галереяңызды қалай аштыңыз? - Суретші Тынышбек Балтабаевпен 2000 жылы колледж қабырғасында танысқанмын. 2004 жылы бітірдік. Осы уақытқа дейін сыйластығымыз үзілмеді. Екеуміз кәсіпкер Мұрат Балғабаевтің демеушілігімен теңіз жағасында галерея аштық. Ол галерея белгілі бір себептермен жабылып қалған. Осы 29 шағынаудандағы галереямызды 2013 жылы ашқанбыз. - Сұхбатыңыз үшін рахмет!
Ақкенже БЕРКЕНОВА Суреттер мен видеоларды түсірген Талант ҚҰСАЙЫН