©
Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов өзінің есептік кездесуінде көп балалы отбасыларды қолдауға бағытталған жобасын ұсынған еді. Жобаның бір тармағы - көп балалы аз қамтылған отбасылар, мүгедектер мен жетімдер үшін өз кәсібін ашуға гранттар бөлу. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Маңғыстау облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасы басшысының орынбасары Айжамал Дусеева мәлімдеді, - дейді mangystaumedia.kz сайты. «Осы санаттағы азаматтардың кәсібін ашуы үшін қайтарымсыз қаржылық көмек көрсету мақсатына 100 млн теңге көлемінде демеушілік қаражат жұмасалады. Конкурстық негізде үздік бизнес жобаға 500 мың теңгеге дейін гранттар беру бағдарламасы 1 наурызға дейін әзірленбек. Өз бизнесін бастауға ниет білдіргендер «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасына баруы қажет», - деді Айжамал Дусеева. https://youtu.be/snNFti-TfnA Сондай-ақ Маңғыстау облысында көп балалы, аз қамтылған отбасыларға және халықтың әлеуметтік осал топтарына кешенді қызмет көрсету үшін «Бірыңғай әлеуметтік терезе» жобасы қолға алынбақ. «Бұл жобаның мақсаты - жәрдемақы алуға, жұмысқа орналасуға қолдау көрсету, тұрғын үй және тұрғын үй төлемдерін алуға жәрдемдесу, психологиялық көмек көрсету, заңгерлік кеңес беру және бизнес-бастамаларды сүйемелдеу», - деді ол. Айта кетелік, 2018 жылы Маңғыстауда орта және шағын бизнес субъектілерінің саны 51 мыңға жетті. Сондай-ақ былтыр Маңғыстау облысында кәсіпкерлерге 4,9 миллиард теңге несие берілді. Оның ішінде «Нұр Капитал» бағдарламасымен 2,7 миллиард теңге несие алғандар бар.