©
Маңғыстау облыстық сотының баспасөз хатшысы Ақтау қаласындағы "Айналайын" балабақшасында болған оқиғаға қатысты қаулы бойынша түсінік берді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. "Бұл жазбаның мақсаты - соттың логикасын түсіндіру, бірақ бұл апелляциялық инстанцияның позициясын білдірмейді", - деп жазды соттың баспасөз хатшысы Гаухар Нұрханова Фейсбук әлеуметтік желісінде. 2019 жылдың 20 ақпанында Ақтау қалалық мамандандырылған әкімшілік сотына жекеменшік балабақшаның директоры Гүлжанат Мұратбай мен оның орынбасары Ләззат Мұқановаға және тәрбиешілер Райхан мен Асыл Өтеповаларға қатысты 8 материал келіп түскен. "Айналайын" балабақшасының басшына қатысты 3 іс түскен. "2019 жылдың 13 ақпаны күні сағат 10.45-те және 14 ақпан күні 17.00-де Г.Мұратбай қызметкерлердің көзінше тәрбиешілер Қаржаева мен Өтеповаға балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұза отырып, айналасындағыларға сыйламаушылық көрсеткен", - деп жазды сот өкілі Г.Нұрханова. Полиция инспекторы Г.Мұратбайға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 434 бабы 1 тармағына сәйкес, ұсақ бұзақылық жасағаны туралы хаттама толтырған. Сот отырысында Мұратбай өзінің кінәсін мойындап, сот әрбір іс бойынша 5 АЕК - 12 625 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салады. Айыппұлдың жалпы көлемі - 25 250 теңге. Естеріңізге сала кетейік, 14 ақпанда балабақша тәрбиешісі басынан жарақат алып, ауруханаға түсті. Тәрбиешінің басынан ыдыспен директордың ұрғаны, денсаулығына қасақана жеңіл зиян келтіргені сот сараптамасымен және куәлердің жауаптарымен дәлелденген. Г.Мұратбай ҚР ӘҚБтК-нің 73-1-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 15 АЕК (37875 теңге) айыппұл салынғанын жаздық. "Айыппұл салу кезінде сот оның бұған дейін әкімшілік жауапкершілікке тартылмағанын және істі ауырлататын мән-жайдың жоқ екенін ескерген. Үш әкімшілік іс бойынша Г.Мұратбайға жалпы сомасы 63 125 теңге айыппұл салынды", - деп жазды соттың баспасөз қызметкері. 14 ақпан күні сағат 17.30 шамасында директорды балағаттағаны үшін тәрбиеші Өтеповаға қатысты хаттама толтырылған. "Ол ҚР ӘҚБтК-нің 434 бабы 1 тармағы (ұсақ бұзақылық жасау) бойынша кінәлі деп танылып, оған 8 838 теңге айыппұл салынған. Айыппұл салу кезінде сот оның кәмелетке толмаған ұлының бар екенін ескере отырып, айыппұлдың сомасын 30 %-ға қысқартты", - деп мәлімдеді Г.Нұрханова. Полиция инспекторы балабақша директорының орынбасары Мұқановаға қатысты да хаттама толтырған. Оған ҚР ӘҚБтК-нің 434 бабы 1 тармағына сәйкес ұсақ бұзақылық жасады деген айып тағылған. Ол 14 ақпан күні сағат 17.00 шамасында Өтеповамен сөзге келіп, оны балағаттаған. "Соттың қаулысымен Мұқанова кінәлі деп танылып, оған 8 838 теңге айыппұл салынды. Айыппұл салу кезінде сот оның кәмелетке толмаған екі баласының бар екенін ескере отырып, айыппұлдың сомасын 30 %-ға қысқартты", - деп мәлімдеді соттың өкілі. Өтепова, Мұқанова мен Мұратбайға қатысты қалған үш іс әкімшілік құқық бұзушылықтың болмауына байланысты өндірістен қысқартылған. "Әкімшілік іс бойынша сот қаулысы 3 күн ішінде дайындалып, тараптарға беріледі. Тараптар соттың қаулысымен келіспеген жағдайда, 10 күн ішінде апелляцияға бере алады", - деп түсіндірді Маңғыстау облысының сотының баспасөз қызметкері.