Кеше Жаңаөзен қаласында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Бес сағаттың ішінде мыңнан астам тұрғын келіп өтінішін қалдырды. Бұған дейін ашық есік күнінде тұрғындардың айтқан талап-тілегі ескеріліп, 101 компания 1061 бос жұмыс орнын xалыққа ұсынды. Жұмыс берушілердің бірі - "Ақжол құрылыс" мекемесі. Олар 10 жұмыс орынын ұсынып отыр екен. Мекеменің директоры Батанияз Елешовтің айтуынша, былтыр бұл мекеме 342 адамды жұмыспен қамтыған, оның 48-і - жаңаөзендік. Айта кетелік, компания Маңғыстауда жол салумен және азаматтық-өнеркәсіптік құрылыстарды салумен айналысады. "Жәрмеңке кезінде 92 адам өтініш білдіріп, түйіндемесін қалдырды. Енді осы азаматтардың ішінен аламыз. Тағы айта кетейін дегенім, маусымдық жұмыс кезінде де жұмысшылар керек болады. Жазға таман 20-30 маман қажет", - деді ол. [caption id="attachment_73157" align="aligncenter" width="1024"] Батанияз Елешов[/caption] Жұмыс орнын ұсынғандардың арасында Ақтау қаласындағы "Волна" кондитерлік зауыты да бар. Зауыт басшысы Надежда Карась кондитер, слесарь және оператор мамандықтары бойынша 20 адамды жұмысқа алғысы келетін айтты. https://www.youtube.com/watch?v=tQ45dQ-Zj40 "Мамандығы сай келмейтін адамды оқытуға дайынбыз. Оқу жұмысшының қабілетіне қарай 1-1,5 айға созылады. Ұсынып отырған жалақы көңілге қонымды. Базалық жалақыға қоса келісімді жалақы да бар, яғни жұмыс істегеніне қарай айлығы да ұлғая түседі", - дейді Н.Карась. Ол Маңғыстаудың басқа өңірлерінен келетін жұмысшылар үшін вахталық әдісті ұйымдастырғалы отырғанын жеткізді. Яғни, 7 күн жұмыс істеп, 7 күн демалуға мүмкіндік беріледі. Жұмыста болған кезінде тұрғын жаймен қамтылады. Жұмыс ұсынғандардың қатарында "Оңдасын строй" мекемесі бар. Құрылыс компаниясында 10 бос жұмыс орны бар екен. https://www.youtube.com/watch?v=d1as-9qmooM "Бүгінгі таңда біздің мекемеге 10-нан аса маман керек. Атап айтқанда, дәнекерлеуші, бетон құюшы, тас қалаушы, сылақшы мен арматура құрушылар керек", - дейді "Оңдасын строй" ЖШС директорының орынбасары Еркін Қайдаров. Дәл сондай құрылыс компаниясының бірі «К7 групп» учаске бастығы лауазымына 4 вакансия ұсынды. Әрқайсысының жалақысы – 200 мың теңге. Сондай-ақ айлығы 150 мың теңге болатын 4 прораб та қажет. Тағы 4 вакансия 100 мың теңге шамасында жалақысы бар шебер қызметіне ұсынылды. "Альянс Ltd1 мекемесі де 10-ға жуық жұмыс орнын ұсынған. Бұл компанияға жәрмеңке кезінде 80 адам өтініш тастапты. https://youtu.be/OVJqWs27lIU Маңғыстау облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Талғат Әбдіқадыровтың айтуынша, Жаңаөзен тұрғындарына жұмыс ұсыну үшін Ақтаудан 12 ірі кәсіпорынның өкілі келген. Арасында трансформатор зауыты, машина жасау зауыты, Құрық порты бар. https://www.youtube.com/watch?v=vhmva5xXaz8 Мәселен, осы Құрық порты қауіп-қатерлерді басқару жөніндегі менеджерін, порт диспетчерін жұмысқа алуға ниет танытты. Жалақысы - 240 мың теңге шамасында. Сонымен қатар порт жетекші инженер, электрик, мекеме тазалаушы мен фельдшер сияқты жалпы саны 12 орын ұсынды. https://youtu.be/oHUT68Rd8Bw Дәл осындай жоғары жалақыны «Емир-Ойл» ЖШС да төлеуге әзір. Олар құрылыс жөніндегі супервайзер қызметіне (2 орын) 200 мың төлеп, жобалау және құрылыс жөніндегі менеджерге (1 орын) 300 мың теңге бермек. Ал «Ақтау машина құрастыру зауыты» орташа жалақысы 120 мың теңге болатын 16 маманды қабылдауға дайын. Олардың арасында токарь, қондырғы операторы, ажарлаушы (шлифовщик), электр-газбен дәнекерлеуші , термист, жүргізуші сынды мамандықтар бар. «Ақтау трансформатор зауыты» жалақысы 110 мың теңгені құрайтын электрик және 130 мың теңгеге краншыны іздеп келіпті. Жәрмеңкеге Жаңаөзеннің жеке кәсіпкерлері мен жергілікті кәсіпорындары да қатысты. Мәселен, «Бейбітшілік» тұрғын үйін салу үшін құрылысшы-прораб, бетоншы, тасшы, жұмысшы сияқты 41 орын ұсынылды. Тіпті ішкі істер басқармасы да 25 әскери маманды жұмысқа қабылдауға даяр. Олар 24 офицер мен 1 сержантты іздейді. Тұрғындардың басым бөлігі қызығушылық танытқан Жаңаөзен қаласында орналасқан «КЕЗБИ» ЖШС жәрмеңкеге 5 вакансия алып келген екен. Олардың арасында жартылай тіркеме (полуприцеп) жүргізушісі, металл жонушы (токарь), автокран машинисі бар. Түске дейін өткен бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде 4563 ұсыныс қабылданған. Сонымен қатар, қысқа мерзімді оқуға 105 адам ниет білдіріп, тағы 33 адам білім саласында жұмысқа орналасты. Айта кету керек, жәрмеңкеде орташа жалақы - 110 мың теңге көлемінде. Кейбір компаниялар 180-200 мың теңгеден жоғары жалақы ұсынды. Жаңаөзендік ақсақал, қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Қуандық Бекмағанбетов тепсе темір үзетін азаматтар "жас кезімде бейнет бер, қартайғанда зейнет көр" деп, ұсынылған жұмыс орындарынан бас тартпау керектігін айтады. "Біреулер не үшін айтып тұрсың деуі мүмкін. Менің мамандығым - фельдшер. Медициналық училищені бітірген соң мені бұрын-соңды көрмеген шалғайдағы ауданға жолдамамен жұмысқа жіберді. Екі жыл сонда жұмыс жасадым. Жастар тартынбай, қай жерде жұмыс ұсынса, соған баруы керек. Маңғыстаудың барлық жерін өзіміздің аулымыз деп есептеймін", - дейді ақсақал. Жәрмеңке кезінде ұсынылған түйіндемелер мен өтініштердің барлығы сараланады. Айтылған жұмыс орындарына мамандар өтініш бергендердің ішінен алынады. Мұның бәрі Маңғыстау облысы әкімдігінің тікелей бақылаудында тұр.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ