©
Көп балалы аналардың балалары балабақшаға бірінші болып жолдама алу мүмкіндігіне ие болады. 3 адам сайын кезегі келіп тұрмақ. Маңғыстау облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Мамаеваның мәлімдеуінше, облыс әкімі Ералы Тоғжановтың тапсырмасымен аз қамтылған көп балалы отбасыларға және мүмкіндігі шектеулі балаларға бірқатар жеңілдік қарастылып жатыр. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. «Бүгінгі таңда Маңғыстау облысындағы 292 балабақшада тәрбиеленіп жатқан 39737 баланың 1089-ының ата-анасы төлемақыны арнайы жеңілдікпен төлеп отыр. Аз қамтылған, көп балалы отбасылар балалары, мүгедек, жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың төлемақысына 100, 50 пайыз жеңілдік көрсетіледі. Облыс бойынша 1054 бала 100 пайыз жеңілдікті пайдаланып отырса, 35 балаға 50 пайыздық жеңілдік беріліп отыр. Соның ішінде Ақтау қаласында – 836, Жаңаөзен қаласында – 164, Мұнайлы ауданында - 89 бала. Мұнайлы ауданында бұл көмекті ұйымдастырушылардың бәрі - жекеменшік балалабақша. Сондай-ақ осы санаттағы балаларға жалпы білім беретін мектептерде тегін ыссы тамақ беріледі және бұл жеңілдіктер кәсіптік білім беретін колледждерде де қарастырылған", – дейді Маңғыстау облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары. Гүлмира Мамаеваның айтуынша, мүмкіндігі шектеулі балаларға жағдай жасау мақсатында қазір аудан, қалалардағы балабақшаларда арнайы топтар ашу жоспарда бар. Қазір уақытта мұндай ұсыныс Ақтау қаласынан, Мұнайлы мен Түпқараған аудандарынан түсіп жатыр екен. Егер басқа аудандарда қажеттілік болса, арнайы топтар ашылмақ. Бұл арнайы топтар есту және сөйлеу қабілеттері нашар, тірек-қимыл аппараты бұзылған, психикалық дамуы тежелген балаларға арналған. Бұл орталықтарға тіркелу балабақша тізімінен бөлек жүргізіледі және бұл бұрыннан қолданыста бар жүйе.Ақкенже БЕРКЕНОВА
Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН