©
Маңғыстау облысы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы айыппұлы төленбеген азаматтарға «egov.kz» электрондық үкімет порталының көмегімен онлайн режимінде төлеуге болатынын ескертеді. Сонымен қатар екінші деңгейдегі 12 банктің кассалық-есептеу бөлімдерінде айыппұлын төлеу мүмкіндігі бар, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. МО Полиция департаметі баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 811-бабы 1-бөлігі бойынша егер әкімшілік құқық бұзушылық автоматты режимде жұмыс iстейтiн сертификатталған арнайы техникалық бақылау-өлшеу құралдарымен тiркелсе, айыппұл сомасының 50 % мөлшеріндегі айыппұлды жеті тәулік ішінде төлеуге құқығы бар. Ол үшін белгіленген үлгідегі түбіртекпен бірге айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқама болуы тиіс. «Азаматтар аталған тәсілмен айыппұлды төлесе, түбіртекті тұрғылықты мекенжайдағы ішкі істер органына, яғни 21 шағынаудан «У Николая» КЖО-ға қарсы орналасқан КҚҚКО ғимаратының 2 қабатына тапсыру қажет», - дейді облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі. Сондай-ақ ІІО салған әкімшілік айыппұлды өндіру жұмысын жандандыру және айыппұл төлеуден жалтарып жүрген тұлғаларды анықтау мақсатында Маңғыстау облысы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы 20-22 ақпан аралығында облыс аумағында «Борышкер» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізеді.Көрнекі сурет сайт архивінен